9 ақпан – жыр ақиығының туған күні. Биыл ақынның туғанына – 90 жыл. «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарған», жырдан маржан терген Мұқағалиды ақын еткен де, мәртебесін биіктетіп, ақындық ғарышқа самғатқан да қара өлеңнің құдіреті болса керек.
Ақиық ақынның көзі болмаса да, жыры қалды. Өлеңдерін, шығармаларын сүйіп оқитын оқырмандары бар. Мұқағали жыры – ХХ ғасырдың озық поэзиясы ғана емес, ғасырлардан-ғасырларға жалғасатын асқақ рух, таусылмайтын кен. «Поэзия – жүрек сөзі». Сағат Әшімбаев осылай дейді. Демек, Мұқағали поэзиясы да рух сөзі, жүректен шығып жүрекке жеткен ерекше құдірет дер едік. Ақын тілімен жеткізіп көрейікші: «Өткен ғасырға, Жеткен ғасырға сөз беріп, Менің ғасырым бәрінің басын құрады. Кезекпен сөз ап, Ғасырлар есеп бергенде, Жіберіп қойған қателіктерін көргенде, Бабаларына да, Балаларына да, Жиырмасыншы ғасырым Ақыл айтады қателіктерін жөндеуге. Жайылар сонда ғаламға үлкен дастарқан, Ғасырым менің оны да өзі басқарған. Heгe дейсіз ғой? Heгe десеңіз, – Нағыз керемет осы ғасырдан басталған. Салтанат бітеді, Ғасырлар тегіс тарасар, Әрбір ғасырлар өз дәуіріне жарасар. Жарылып бәрі осы ғасырға жол ашар. Ғасырымды менің Болашақ ғасырлар Қонақ етуге таласар». Сонымен, Мұқағали ғасыры және жаңа поэзия. Бұған бүгінгі жас қаламгерлер не дейді? Айнұр ТӨЛЕУ, ақын:Адам бар жерде әдебиет бар
– Әдетте Мұқағали жайында пікір айтатын аға буынның көбі: «Басы ноқтаға симаған, бір ғасыр ерте туған тарпаң талант еді» деп жатады. Бірақ өз уақытын тамыршыдай тап баса алатын дарын иесі ғана мәңгілік деген көштің керуеніне ілесе алады. Несін жасырамыз? Қазіргі ғылым синтезделіп жатыр. Әдебиеттанудың өзі психология, әлеуметтану, философия, лингвистика, антропология сынды ғылымдармен селбесіп, әдемі бір тұжырымдар ұсынып келеді. Енді сол селбескен ғылымдар «уақыт пен кеңістікті қабылдау» деген түсінікті жиі қозғайды. Психологтердің айта беретін «здесь и сейчас» танымы біз айтқан әлгі қабылдауға келіп саяды. Мұқағалидың мына жыры да – біз ғылымдарды селбестіріп барып қана түсініп жүрген ұғымды өлеңмен жеткізу. Арғы-бергі ғасырлардың алдында Мұқағалидың ғасыры тақта отырған патшадай кейіптеліпті. Мен де өз ғасырымды жақсы көремін. Мұқағалидың ғасырында өмірге келмегеніме қуанатын да сияқтымын. Есі дұрыс адамның осылай ойлауы керек те шығар. Бірақ Мұқағалидың ғасыры патша болатын жөні бар. Ол кезде сөзде мәйек бар еді. Көркем сөз бен көркем әдебиеттің қадірін білетін ғасыр – тап сол мұзбалақ ақын ғұмыр кешкен кезең ғой. Оған дейін әдебиетте түрлі жанр жаралып жатты. Мұқағали ғұмыр кешкен ғасырда адамдардың бойында әдебиет өнеріне деген құрмет пен құштарлық бар еді. Бұрнағы заманда адамда ақылға қарағанда сезім басым еді. Уақыт өте ақылды дамытып, сезімге жүгінуді мүлдем қоямыз деген болжам бар. Бәлки, енді үш ғасырдан соң жылап отырған адамға таңғалатын шығармыз. Бұл болжам ғана ғой. Адам бар жерде әдебиет бар. Өнерге деген құштарлықты да адамнан арашалап алу мүмкін еместей. Бірақ біздің ғасырдың 21 жылы өтіп кетті. Әлем жауһарларына бармай-ақ қоялық, ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің ахуалына қараңызшы. Қазаққа көркем әдеби өнім беру тұрғысынан Мұқағали заманына артық сөз айта алмай, ғасырлар тағын үнсіз ғана ұсынамыз. Бекзат СМАДИЯР, ақын:Мұқағали – сәнге айналған ақын
– Мұқағали – кішкентай халықтың перзенті. Алып империяның боданындағы елдің перзенті қанша жерден адамзатқа ортақ поэзия тудыра алса да, кішкентай халықтың ақыны болып қала беретін еді. Мұқағали өз топырағынан, ұлтының тағдырынан асып кете алмады. Бірақ ол өз халқының аясынан шығуды көкседі ме? Асылы, Мұқағалиды бақытты ақын деуге болатын шығар. Жаратушы оған халқының махаббатын беріп қойған. Адамзат соншалықты ұмытшақ – кеше ғана жасаған қателігін бүгін қайталайды. Арыға бармай, тек ХХ ғасырда өмір сүрген, уақытында елдің алқауында болған, кітаптары бірінен соң бірі шығып тұрған ақындарды алайық – солардың біразы қазір ұмытылды. Архивтерде, хрестоматияларда өзімен-өзі күбірлесіп жатыр, ал халық жадынан өшіп кеткен. Мұқағалиға халқының махаббаты берілген дейтініміз – осыдан. Мұқағали – сәнге айналған ақын. Алайда ол мүлде эстрадник емес. Қызық, Мұқағалидың не сиқыры бар? Адамдар оны неге сонша жақсы көреді? Ол қасіретке оранған кішкентай халықтың сезімін әлдилей алған еді. Қараңыз, ХХ ғасырдың 16 жылдарынан бастап бірнеше рет қайталанған аштық, репрессия, Екінші дүниежүзілік соғыс – жарты ғасыр қырғыннан арылмаған халықты әлдилеу керек болатын. Қасіреттен көз ашпаған кішкентай халықтың кеудесі шерге, өзегі өксікке толып қалған. Еске алады, сағынады, күйінеді, жек көреді, шарасыздығына налиды – оңашада жылап алғысы келеді... Елестетіңізші, әлдекімге әлдеқандай жылы сөз айта қалсаңыз, бірден шарасы жасқа толып, үһілеп отырып қалады. Әрбір қазақ қимасынан айырылған – баласынан, жарынан, әкесінен... Мұқағали осындай дәуірде дүниеге келген еді. Өзі туған халықты әлдилеу үшін. Оңашада мұң шағатын сырласы болу үшін. Ол бұл міндеттің үдесінен шыға алды. Және ең бастысы, биік парасат пен жоғары көркемдік деңгейде. Бүгінгі поэзия өзгеріп кетті деп ойлаймыз. Иә, жазу стилистикасы өзгерді. Өзгергені – өте құптарлық іс. Алайда ақындар «адамзат, ізгілік, Тәңірді іздеу» деп аталатын темірқазығынан айнымады. Абай, Мағжан, Қасым, Төлеген, Жұмекен, Мұқағалилар туған топырақта әлі құдайсыз ақын дүниеге келген жоқ. Демек, жастар поэзиясы өзегінен ажыраған жоқ деп сеніммен айта аламыз... Жанасыл СЕРІКБОЛ, жазушы:Толқынданып өмірім барасың ба?
– Дүниенің ағын да, қарасын да, Мыңқ етпейсің, қабылдап аласың да. Қарасымен шамаң жоқ таласуға, Ей, өмірім, зымырап барасың ба? Мұқағали – халықтың ең мұңдас ақыны. Мұқағали өмірді қалай жақсы сүйсе, бүгінгі өмірдің де Мұқағалиға деген махаббаты шексіз. Мұның сиқыры Алматының бұрыш-бұрышын кезіп жүріп, дәл сол кездегі қазақ сияқты жылай алғанында болар. Еш кіршіксіз, кінәратсыз, жай ғана күңгірт кеште отырып, дәл сол уақытта қазақ даласының бір пұшпағында шам түбінде отырып, баласын емізген анадай емірене алғандығында болуы керек. Және жай ғана ғашық болуында. Шын ғашық болып өтуінде. Бүгінде әрбір қазақ Мұқағалидың шумақтарын әр жерде айтып жүреді. Құралайдың тағдырын жалынып сұрап алған Мұқағали депрессиялық аңсау көңіл күйінінің ақыны. Бәрін сүйіп, бәрін аңсаған. – Көзің қайда көшеден мені іздеген, Сөзің қайда жанымыз егіз деген? …Терезеңнің алдына келіп тұрмын, Көгершіндей… Қысты күн… Жем іздеген. Ақын өлеңдері – қарапайымдылықтан өрбіген ұлылық. Жапондардың «адам сенгісіз қарапайым күрделілік» ұғымы сияқты. Қош, Мұқағали бүгінде поэзияның бел ортасында жүрген шабытты ақындардан бастап туған күн кешінде отырған қыз-жігіттердің, ауылын аңсаған қара баланың, махаббаттан таяқ жеген бозбалаға дейінгілердің бәрінің жүрегін жаулаған ақын. Мұқағали шабыты бүгінгі жас ақындарға да медет! Алмас Ақтасовтың кейбір шумақтарынан Мұқағалидың көңіл күйін көрем: – Тұншықтырып қаланы түн құшағы, Сүреңсіз көшелерді мұң қысады. Лақтырған шылымымдай, көкжиектен Құлап тынды бүгінгі күн құсалы Тасасынан түн шығып бүкір дүздің, Тереземнен үңіледі үкі көзді. Еріндегі құмардың құбыжығы, Қоймайтындай құдды бір түгімізді. Асылбек Бардамның өлеңдері де: – Құс кешігіп келеді қиқылымен, Есінейді кеудемде ұйқылы өлең. Аспан жақты аңсайды тағы да ақын. Жүрегінің жұлмалы жыртығымен. Бақберген Дариғадан: – Қиялымның демінен жұлдыз жасап, бұ әлемді етейін жарық ғалам. Көнбес сірә қапасқа, тамұққа адам. Жүрегімді ұсынам анық саған. Қиялымнан жасайын айға мүсін. Бұл әлемді қимаймын жалған үшін. Ал шарықта, ұш биік, арман құсым, Не істейін тамұққа бармау үшін? Бүгінгі қазақ поэзиясы да Мұқағалидың толқынданып жатқан өмірі сияқты. Мұқағали – мәңгілік өлмейтін поэзия шырағы. Бүгінгі жас ақындардың бас сүйеп, мұң шағар бәйтерегі.Дайындаған Гүлзина БЕКТАС