Қоғамның қарым-қатынас құралы болған соң тілге қатысты дау кез келген жерде, сан қилы салада шығып жатады. Жуырда елордадағы Көпбейінді медицина орталығының қызметкері, анестизиолог-реаниматолог Ғабит Нұрханұлы есімді дәрігер басшылыққа жұмыс есебін мемлекеттік тілде тапсырып отырғаны үшін қысым көргенін хабарлаған еді. Көп өтпей бұл жайт жұртшылықтың назарына ілікті. Біз осы оқиғаның толыққанды мән-жайын білмек болдық. Қазақ тілі үшін дәрігердің қызметінен шеттетілгені рас па?
Тілді жіктер басшы болғаны ма?
Пандемия бойы халық дәрігерлер кеңесіне мұқтаж болғаны рас. Қысылтаяң шақта әлеуметтік желі арқылы мүмкіндігінше ашық хабар таратып, қоғам саулығына алаңдаған мамандар болды. Осы жолғы дауға іліккен Ғабит Нұрханұлы да – солардың бірі. Әуелі оқиғаның қалай өрбігеніне қысқаша тоқталсақ. Дәрігер өзінің Facebook-тегі парақшасында дәрігерлік есепті ылғи қазақ тілінде толтырып бергені үшін орталық директорының инфекциялық аурулар бойынша орынбасары Татьяна Цечоева қыр соңына түсіп, ақырында «ротация жасаймыз» деп жұмыс кестесіне қоспағанын жазған болатын. Оған қоса, Цечоева өзінің тәжірибесі әлі толықпаған туысы Виталий Калина есімді азаматты жауапты қызметке тағайындағанын да айтты. Даудың басына түрткі болған осы жазба еді. Бірақ бұл жазба көп ұзамай өшірілді. Оның себебін Ғабит Нұрханұлы құқық қорғау органдарынан адам хабарласып, «мәселеңді шу шығармай шешіп береміз» деп айтқанымен түсіндірді. Алайда қоғам бұл оқиғаны талқыға салып үлгерген. Сондықтан біз Ғабит Нұрханұлының өзіне хабарласқан едік. – «Ротация» деген сылтаумен ұнамағандарды шеттетіп, өзге адам алады. 5 айдан бері жұмыс істеп келемін. Қалғандарына 7-8 ай толды. Өз еркіммен жұмыстан кеткенімді қалады, – деді ол. Осы сөздерден кейін дәрігердің көп сөйлесуден бас тартып, көп жайды баяндағысы келмейтінін де аңғардық. Айтпақшы, қызметінен негізсіз босатылғанын жария еткен соң басшылық тарапынан дәрігерге түрлі қысым жасалып жатқаны жайлы әңгіме тараған. Нұрханұлына өзі Татьяна Цечоеваның туысы Виталий Калинаның қоңырау шалып, «шулатуды тоқтатпасаң, әңгіме басқаша болады» деп айтқанын ақпарат құралдары жеткізген еді. Осыны арқау етіп, дәрігерге «Қысымның болғаны рас па?» деп сауал тастаған едік. Бірақ Ғабит Нұрханұлы көп жайды қозғағысы келмейтінін байқатты. – Негізі, ескірген әңгіме ғой. Қозғағым келмейді. Әркім өз білгенінше жорамалдап жатыр. Қазір Көпбейінді медицина орталығында жұмыс істемеймін. Уақытша басқа жерде жүрмін. Жаңа жұмыс орны табылмай жатыр, – деп қысқа қайырды ол. Нұрханұлының сөзіне сенсек, Цечоевамен араздығы әуелден осы тілге қатысты басталған. Бірақ Татьяна Цечоева мұның бәрін «жалған» деп мәлімдеген. – Бұл жерде қызметкер бір-ақ себепке байланысты жұмысын ауыстырып отыр. Коронавирус таралған госпитальда адам ұзақ уақыт жұмыс істемеуі керек. Сол себепті ротация болды. Кейін жұмысқа кірісе алатын еді. Бәрі де кәсіби маман түсінетін дүние, – дейді ол. Ал Нұрханұлы болса, «Қызыл аймақта» көп жүрген дәрігерде иммунитет қалыптасады, жаңа адам келсе, керісінше тез ауырып қалуы мүмкін. Қыркүйектен бері бірде-бір дәрігер вирус жұқтырмады. Барлығы ескі бригада құрамы» деп отыр.Басқарма басшылық сөзін сөйлейді
Аталған оқиға қоғам назарын аударғалы Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов Еңбек кодексі мен кәсіпорынның ұжымдық келісімшартында қызметкерді бір орыннан екінші орынға ауыстыру туралы норма бар екенін айтып, Татьяна Цечоеваны ақтап алған еді. Мұратов Цечоеваны «тіл, дін, ұлтқа бөлмейтін адам» ретінде атап, «Нұрханұлы дәлелі болса, құзырлы органдарға шағымдансын» деп сөзін түйіндеген. Ал біздің сауалымызға басқарманың баспасөз қызметі Тимур Мұратовтың сөзіне ұқсас мәтінді жолдаумен ғана шектелді. «Ғабит Нұрханұлын ешкім жұмыстан шығармаған. Бұл – ротацияның үлгісі. Еңбек кодексі мен кәсіпорынның ұжымдық келісімшартында қызметкерді бір орыннан екінші орынға ауыстыру көзделген. Сонымен қатар кәсіпорын жұмысшыны бір лауазымнан екіншісіне ауыстыру, яғни ротацияның жиі қолдануы қызмет сапасын арттыратынын дәлелдеген. Тәжірибе жинау үшін ротация мақсатты түрде жасалады. Ғабит Нұрханұлы есеп және басқа да жұмыс ақпараттарын Т.Цечоеваға емес, өзіне ыңғайлы тілде толтырған. Сондықтан оның сөзі шындыққа сәйкес келмейді» делінген хабарламада. Енді мына қызықты қараңыз, жоғарыдағы хабарламада бір сөзге ерекше мән аударсақ. «Ғабит Нұрханұлы есеп және басқа да жұмыс ақпараттарын Т.Цечоеваға емес, өзіне ыңғайлы тілде толтырған» деп тұр. Демек, дәрігердің шыр-пыр болатын жөні бар. Нұрханұлына «ыңғайлы» қазақ тілі Цечоеваға «ыңғайсыз» екен. Бұл – бір. Оның үстіне, дәрігерді кезекшілік тізімнен сызып тастамай тұрып, ротация туралы алдын ала хабарланбаған. Бұл – екі. Демек, басқарма өзін-өзі ұстап берді деп түйіндесек болады. Ротацияға дау жоқ, ал емханада мемлекеттік тіл емес, басшылыққа «ыңғайлы» тіл үстемдік ететін болғаны да.Мадияр ТӨЛЕУ