Биыл – балалар әдебиетін қолдау жылы. Осыған орай «Фолиант» баспасы 2020-2021 жылдары жарық көрген балалар әдебиетінің үздік шығармаларын іріктеді.
Баспа үйі бұрындары жас ұрпақты біріктірген М.Әуезовтің «Көксерек» әңгімесі, Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі екенін, қазір ақпараттық технологиялар заманында мазмұнды, тәрбиелік құрал бола алатын кітап таңдау қиынға соғатынын жазған. Отбасылық кітап оқу мәдениетін қалыптастыру маңызды екенін де атап өткен. Сондай-ақ баспа үйі шетелдің үздік туындыларын қазақ тіліне аударуды қолға алған. «Фолиант» баспасы балаларға А.Гриннің «Алқызыл желкен. Хикаят. Толқын перісі» кітабын оқуға кеңес берді. Одан кейін Джонатан Свифттің «Гулливердің саяхаты» кітабы мен М.Твеннің «Том Сойердің басынан кешкендері» бар. Төртінші сатыда В.Обручевтің «Жұмақ жері» тұр. Ондыққа Эрих Распенің «Мюнхгаузеннің хикаялары» мен А.Линдгреннің «Ұзыншұлық Пипиі» кірген. «Қазақ халық ертегілері» жинағы мен Әлия Беркімбаева жазған «Дәуіт атайдың ертегілері» де үздіктердің қатарында. Баспа аударған Тулин Көзікоғлудың «Арман керек адамға» еңбегі мен Баянғали Әлімжановтың «Өлең-Әліппе» жинағы балаларға қанат бітіретіні анық. Қалай десек те, жас оқырмандардың «Дымбілмеспен» бірге саяхаттап, «Могиканның соңғы тұяғы» кім екенін білгені жөн. Өйткені әдебиет қана баланы қиялдауға, қоршаған ортаға мейіріммен қарап, армандауға үйретеді.А.АЙДАРҚЫЗЫ