Жамбыл облысында еліміз бойынша тұңғыш рет мүгедектерге арналған монша салынады.
«Асар» мүгедектермен жұмыс істейтін ұйымдар одағы» Заңды тұлғалар бірлестігіне арналған оңалту орталығының құрылысы өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың жеке тапсырмасы бойынша басталған болатын. Орталықтың құрылысы қаланың шуы мен қарбаласы алыс Мамыр тоғайындағы жасыл желектің арасында жүргізілуде.
Орталық әзірге екі ғимараттан тұрады. Оның бірі толық күрделі жөндеуден өткен нысан болса, екіншісі – мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап жергілікті құрылыс компаниясы тегін салып беріп жатқан ғимарат.
«АСАР» ЗТБ басшысы Руслан Төлегеновтың айтуынша, орталық үш бағыт бойынша жұмыс істейді екен. Олар - физиотерапия, зоотерапия және бизнес-оқыту. Ондағы мақсат – барлық тиісті үкіметтік емес ұйымдарды біріктіру, олардың күш-жігерін, бюджеттік және демеушілік қаражаттарын артық шығындамау, бір-бірін қайталамау, мүгедектер өмірінің мәселелерін шешу және жан-жақты қолдау көрсету.
Орталықтың жұмысымен осы жетіде арнайы танысқан Бердібек Машбекұлы облыста мүмкіндігі шектеулі адамдардың қажеттіліктері ескеріліп, салынған бірде-бір монша жоқ екендігін баса айтты. Руслан Төлегеновтың сөзіне сүйенсек, мұндай монша еліміз бойынша ешбір өңірде салынбаған екен. Сол себепті облыс әкімі мүгедектерге арналған моншаны Жамбыл облысында салу үшін жобасын әзірлеуді тиісті мамандарға тапсырды. Аймақ басшысы сондай-ақ моншаның құрылыс жұмыстары күн жыли сала басталуы қажеттігін ескертті.
Саятхан Сатылған,Жамбыл облысы