Медициналық сақтандыру қорын басшылығының айлығы қанша
Медициналық сақтандыру қорын басшылығының айлығы қанша
120
оқылды
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында 800-ден астам адам жұмыс істейді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының тәуелсіз директорлары тоқсан сайын жалақы алады. Бұл туралы қор басшысы Айбатыр Жұмағұлов айтты. «Бұған дейін қордың тәуелсіз директорларын қаржыландыру 450 миллион теңгеден жоғары деген ақпарат тараған болатын. Жоқ, ол ақпарат дұрыс емес. Директорлар кеңесіне жеті адам кіреді. Үшеуі – тәуелсіз директолар, қалғаны – мемлекеттік қызметте жүрген азаматтар. Олардың ішінде мен де бармын. Бізге кеңеске кіргені үшін айлық берілмейді. Ал тәуелсіз директорлар тоқсан сайын жалақы алады. Олардың үш айлық жалақысы 650 мың теңгені құрайды», – деді Жұмағұлов елордада өткен баспасөз мәслихатында. 2018 жылы директорлар кеңесіне бөлінген жалпы қаржының көлемі 6 миллион теңгеден сәл жоғары болған. Алайда, басқарма төрағасы өз жалақысын ашық айтпаған. Тек салыстырмалы түрде көп емес екенін жеткізді. «Енді, нақты менің жалақым бойынша салыстырмалы түрде айтайын. Менің қазіргі жалақым банкте істеген кездегі жалақымнан екі есе аз. Сондықтан кейбір бұқаралық ақпарат құралдары жазып жүрген жалақыға да сәйкес келмейді. Ал ауыртпалық жағынан бірнеше есеге көп», – деді Жұмағұлов. Оның айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында жұмыс істейтін қызметкерлердің жалпы саны 800 адамнан асады. Олардың ішінде жергілікті филиалдар да бар. Орташа жалақы 200-250 мың теңгені құрайды. Айта кетейік, 2020 жылы 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі толығымен іске қосылды. Оған сәйкес, жұмыс берушілердің жарналары артады. Ал жеке тұлғалар төлем жасауды бастайды. Медициналық сақтандырудың 2020 жылдағы негізгі талаптары: ·         Жұмыс берушілердің жарнасы 2%-ке (әрбір жұмысшыға табысына қарай) өсті; ·         Жұмыскерлер жалақысынан  1% медициналық қорға аударады; ·         Мемлекет жекелеген санаттағы азаматтар жарна аударуды бастайды; ·         Санатқа жатпайтын тұлғалар бір ең төменгі жалақының 5% төлейді; ·         Жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары, жеке кәсіппен айналысатындар 1,4 ең төменгі жалақының 5% төлейді; ·         Азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде табыс тауып жүрген азаматтар алдымен 1% төлейді. Ал 2021 жылдан бастап 2% көлемінде жарна аударады. Тегін медициналық көмек түрлері қала береді. Соның ішінде жедел жәрдем, санитарлық авиация және тағы басқа қызметтер бар. Ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың арқасында қымбат қызметтер қолжетімді болады.