Іздеу жұмыстары Ақтоғай ауданы Ақжол ауылдық округінің Барлыбай, Разумовка ауылдарына жақын жерде жүргізілді.
Рavlodarnews.kz-тің мәлімдеуінше, Павлодар облысы ТЖ департаментінің «112» пультіне хабар 8 ақпан күні 22:46-да түсті. Ауыл тұрғыны күйеуінің сол күні 15:20-да Екібастұздан Ақтоғай ауданының Барлыбай ауылына «Нива» жеңіл автокөлігімен шығып, әлі жетпегенін айтты. Күйеуімен байланыс жоғалтып алған. Ақтоғай ауданының ТЖ бөлімінің қызметкерлері №15 өрт сөндіру бөлімі мен учаскелік полиция бекетімен бірлесе отырып, ең жақын елді мекендерге, Басқамыс, Қарақоға, Разумовка, Шұға ауылдарына, Ақжол ауылдық округіне іздеуге шыққан», - дейді департаментте.
Елді мекендерден адамдар іздеуге жіберілген. Алайда олар қатты боран соғып тұрған соң ауа райының қолайсыздығынан шыға алмаған. Одан әрі құтқарушылар 6 адамнан тұратын іздеу тобын ұйымдастырып, 00:19-да іздеуге шыққан. Іздеу тобы 1983 жылы туған азаматты 01:40-та Ақтоғай ауданы Ақжол ауылдық округінің Разумовка ауылынан 37 шақырым жерде анықтады. Ол жеңіл көлікпен жолдың шетіне шығып кетіп, көліктің ішінде болған. Медициналық көмек қажет етпеді және дене жарақатын алмаған. Разумовка ауылына келгеннен кейін ер адам Ақтоғай ауданының учаскелік полиция бөліміне тапсырылды.