Орал қалалық соты жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан он жастағы баланы қағып өлтірген көлік жүргізушісіне қатысты үкім шығарды.
Сотталушы 17 қараша күні сағат 09.11 шамасында «Hyundai Tucson» автокөлігімен Мәскеу көшесімен келе жатып, оқушылар сарайы тұсында реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан 10 жасар баланы қағып кеткен.
Бала қалалық көпбейінді ауруханасына жеткізілгенімен, есін жия алмастан, сағат 10.05-те көз жұмған.
Орал қалалық сотының үкімімен 22 жастағы қыз ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылып, 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу белгіленді.
Сондай-ақ 5 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылып, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылды.