Бұл жөнінде Сенат Төрағасы Facebook-те жариялаған жазбасында айтты. Мәулен Әшімбаев Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының кезекті отырысында гуманитарлық сала мамандарын даярлауға қатысты пікір білдіргеніне назар аударып, осы бағыттың мән-маңызына тоқталған.
«Қазір жаратылыстану және нақты ғылымдардың басымдығы анық байқалады. Бұл технологияның дамуымен және экономикалық өсуге тікелей ықпал ететін ғылыми жаңалықтарға деген сұраныстың артуымен тығыз байланысты. Бүгінде философия, тарих, лингвистика, әлеуметтану, психология және тағы басқа гуманитарлық ғылымдар түрлі себептерге байланысты 2-орынға ығысып кетті. Мұндай жағдай, әсіресе дамушы елдерге тән.
Бірақ адамның дүниетанымын, айналадағы үдерістерге жан-жақты және шынайы көзқарас қалыптастыратын бағыт гуманитарлық ғылымдар екені сөзсіз. Шын мәнінде, барлық ғылымның негізі саналатын Платон мен Аристотель заманындағы ілімнің өзі философияға табан тірейді.
Сондай-ақ адамға ХХІ ғасырда қажетті білім мен ілімді гуманитарлық ғылым ғана бере алады. Бұл ретте, ең алдымен аудитория алдында сөйлей білу, өз ойыңды жеткізу және пікіріңді қорғау жөнінде сөз болып отыр. Қазіргідей ашық ақпараттық қоғамда және «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру кезінде дұрыс дискуссия жүргізе білудің маңызы артып келеді.
Ойыңды тұжырымдап, жүйелі және түсінікті түрде қағазға түсіре білудің маңызы зор. Мемлекеттік аппаратта, сондай-ақ басқа да ұйымдарда ақпарат алмасу негізінен хат күйінде жүргізіледі. Сол жерде жазылғанның негізінде шешім қабылданады. Сондықтан көп дүние дұрыс жаза білуге тікелей байланысты.
Гуманитарлық білімнің тағы бір маңызды компоненті – жүйелі ойлауды қалыптастыру. Университеттердің деңгейінде жастарды қасаң қағидалардан, догматтардан арылту қажет. Оның орнына жас буынды ақпаратты дұрыс талдауға және салмақтауға үйрету маңызды.
Қоғамның алдындағы міндеттер уақыт өткен сайын күрделене түсуде. Адамдармен бірлесіп жұмыс істей білу қабілеті де ауадай қажет. Өзгелермен қарым-қатынас жасап, тиімді коммуникация құра білудің жаңа әлемдегі өзектілігі артып келеді.
Осындай қабілеттер мен дағдыларды қалыптастыру біздің білім беру жүйесінің, әсіресе оның гуманитарлық бағытының ажырамас бөлшегі болуы шарт. Гуманитарлық ғылымдар қоғамдық және әлеуметтік үдерістердің мәнін түсінуге, бірегей көзқарас пен дұрыс танымды қалыптастыруға тәрбиелеуі керек.
Сондықтан гуманитарлық ғылымды қолдау мен дамытудың, жастардың оған деген қызығушылығын арттырудың маңызы зор деп білемін. Жоғары оқу орындарында осы бағыттағы пәндерді оқыту сапасын көтеру қажет. Бұл жерде тағы да басқа мәселе жетерлік. Десек те, гуманитарлық ғылымдар осынау жаңа заманның көптеген күрделі сұрақтарына жауап табуға септігін тигізетіні сөзсіз» делінген жазбада.