Қазақстанның әрбір азаматы еліміздің кез келген аймағынан тұрғын үй салу мақсатында мемлекет тарапынан бір рет тегін жер телімін алуға құқылы. Бірақ Жер кодексінің 50-бабында көрсетілген заңдағы бұл норма өз дәрежесінде орындалмай жатыр. Тізім 2000 жылдардан басталады. Содан бері бұл кезек өте баяу жылжып келеді. Тіпті, мардымсыз. 15 жыл ішінде бұл мәселе сан рет манипуляцияға ұшырады. Соның бірі – инженерлік инфрақұрылымдарды (тоқ, су, газ) жүргізіп алмай жер телімдерін беруге салынған тыйым болса, тағы бірі – сегментация жасаудың күрделігі. Мұндағы қай өзгеріс те халыққа жер беруден гөрі, бермеу үшін жасалып жатқан секілді.
Бір үй толы жансың...
Баймұқановтар отбасы мемлекеттен жер телімін алуға болады деген хабарды естіген 2007 жылы Ақтау қаласы әкімдігіне кезекке тіркелген болатын. Ол кезде әжесі де, басқасы да тірі еді. Көлемі 43 шаршы метр екі бөлмелі пәтерге әрең сыйып отырған бір отбасыдан алты адам арыз беріп, талондарын қолына алғанда қатты қуанғандары есінде. Сол кезде олар 63 мыңыншы болып тұрған. Бірақ уақыт зулап өтіп жатты. «Бала-шағаны қоспағанда, екі үлкен қария бар, тоғызыншы қабаттағы бір пәтерде 12 адам болып тұрып жаттық. Лифт істемейді, үлкен кісілерге қиын. Төменге түссек деген арманымыз бар еді. Сол кезде мемлекет осындай үміт сыйлағандай болды. Егер жер беріп жатса, бір жерді сатып, ақшасына екінші жерге үй салып алармыз деп жоспарлап жүрдік. Бірақ бәрі бекер болып шықты. Сол алпыс мыңның арғы жағында әлі тұрмыз», – дейді қала тұрғыны Алма Жолбосынқызы. Өмірден ең бірінші болып 2010 жылы ата мен әже өтті. Одан көп ұзамай, жеке өміріндегі қиындығына шыдамай үлкен қызы қайтты. Бір қызы Алматыға тұрмысқа кетті. Ал 2019 жылы кенже баласы да жаман аурудан көз жұмған. Осылайша, кезектегі алты адамнан жалғыз қалған Алма мемлекеттің тегін жер береміз дегені құр алдарқату болғанын айтады. АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің мәліметіне сәйкес, бүгінде республика бойынша жер кезегінде 1 560 429 адам тұр екен. Ал 2015 жылдың басынан 2020 жылдың 1 қазанына дейін 99 144 тер телімі беріліпті. Бұл әрине, теңізге тамған тамшыдай ғана. «Бүгінде Маңғыстау облысы бойынша 172 962 адам кезекте тұр. Бірақ Ақтау және Жаңаөзен қалаларында жеке тұрғын үй құрылысы үшін алаңдар қарастырылмаған. Ал басқа аудандардың бас жоспарларына сәйкес, 26 820 учаске қарастырылған. Олардың 2 055-і қазіргі кезде инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Нақтылай айтқанда, 779 учаскеге газ, 1 003 учаскеге газ бен электр желісі, 45 учаскеге электр желісі мен су, 228 учаскеге тек электр желісі тартылған. Қалған 24 765 учаске инфрақұрылыммен қамтылмады», – дейді Маңғыстау облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Есенмұрат Дүзмағамбетов.Үкіметке ауылдан қала қымбат
Жылдан-жылға артып келе жатқан жер кезегін азайтуға тырысқан мемлекет бұған дейін бірнеше іс-шара жасауға тырысқан болатын. Соның бірі «Нұрлы жер» бағдарламасы еді. Әйтсе де, бұл құжат та мәселені шешіп отырған жоқ. Өйткені мемлекет ол бағдарламада жер беруді емес, коттедж үйлер салуды ғана көздейді. Себебі «қала ортасын ауылға айналдырмайық» деген ұстанымда. Осыдан-ақ мемлекеттің жер телімдерін тегін беру туралы норманы орындауға деген ықыласын көруге болады. Жергілікті әкімдікке үлкен алапты жеке секторға бергеннен көп қабатты үйлер салған тиімді. Сонда инфрақұрылым тарту жұмысы да азаймақ, бұл бір жағы урбанизация үшін де тиімді. «Бұл негізі екі мыңыншы жылдары баспана кезегін шешу үшін қабылданған шешім деп ойлаймын. Бәлкім, ол кезде экономика нашар болған соң адамдардың өздері үй салып алсын деп қабылданған шешім болуы мүмкін. Бірақ берілген жерлерге инфрақұрылым тарту мәселесі шықты да бұл әлеуметтік ширығуға алып келді. Сондықтан басында жерлерді жақсы беріп бастағанымен, оны тоқтатып тастады. Алматыдағы Шаңырақ, Ұлжан, Шапағат сияқты тұрғын үй алаптары кезінде осыдан пайда болған. Енді, қала кеңіген сайын осындай үйлердің бірқатарын бұзып, жол салуға тура келіп жатыр. Сондықтан да мемлекет бұл мәселені басқаша шешуі тиіс», – дейді экономист Нұрлыбек Әлімұлы. Расында да, бұл урбанизация мәселесі екені рас. Әйтсе де, қара халықтың бәрін бірдей биік үйге қамау мүмкін емес қой. Олардың ауылдық жерге көшіп барып отырғысы келетіндері көп. Сондай жанның бірі – Серік Алдан. «Шымкентте жер кезегінде бармын. Бар болғанымды қайтейін, жиырма жылдан асқан шығар, уақыттан да жаңылыстық. Егер сұраған сегіз сотық жерімізді берсе тыныш отырмаймын ба? Неге өзіме тиесілі алақандай қара жерді он-жиырма миллион теңгеге қолдан сатып алуым керек? Ұлымның үйіне Астанаға кеттім. Өйткені пәтерден үміттенетіндей мемлекеттік қызметкер емеспін, үміт сол баяғы қара жерде еді. Кетер алдында қалалық жер қатынастарына барып сұрасам, «Қаладан жер сұраушылар аудандардан да көбейіп кетті, кезектің өсіп кеткені содан, жер бөліп беретін аумақ ашылған жоқ. Жеріңіздің кезегі келсе, хабарласады» деп жауап берді», – дейді ол. Осылайша, 15 жыл бұрын басталған жер кезегінің жыры әлі жалғасып келеді. Көпшілік оның жемқорлық нысанына айналып кеткенін де жоққа шығармайды. Өйткені беріліп жатқан жерді иелері кезекпен алды дегенге сенбейді. Сондықтан да бұл мәселеге көңіл бөлетін уақыт келген сияқты.Кезек сатқандар кезекті алаяқтар ма?
Биыл «жер беріледі екен» деген сыбыс шықты. Бұл қаңқу, әсіресе Атырау қаласында гу-гу есіп тұр. «2006 жылы кезекке тұрғандарға Талқайраңнан жер беріліп жатыр екен. Енді жыл аяғында 2007 жылы жер кезегіне тұрғандарға Ақжар-2 немесе Алмалыдан беріледі екен-мыс». Осы жоқ жер телімінің кезегін сатып жатқандар да бар. Facebook-те осындай хабарландыру көп. Баға диапазоны – 600-800 мың теңге аралығы. Сондай хабарландырулардың біріне хабарласып көргенбіз. «Кез келген нотариус біледі. Барсақ, рәсімдеп береді. Жердің кезегін алу үшін ақша бердім деп толтырылады. Шыққаннан кейін атыңызға аударып беремін. Бағасы – 700 мың теңге. Ондай арзан жерді таппайсыз. Туған апам 2006 жылғы жерін миллионға сатамын деп тұрды да, жер беріп жатқан соң сатпай қалды. Одан да алып алып, үш миллионға сатайын деп отыр. Дос қызым екі-үш жыл бұрын алған осындай жеріне үй салып, кіріп алды биыл. Менікі – 2007 жылғы кезек. Бәрі ақша керек болған соң сатып жатыр. Үй салатын жағдайым жоқ. Ал жақындаған сайын қымбаттай береді», – дейді Алмагүл есімді келіншек. Кезек сатушылардың айтып отырған бағасы арзан. Қазір Атырау, Алматы жақта жер телімі ең төмен дегенде 3 миллион теңге тұрады. Бірақ мемлекет жерді қай елді мекеннен және қашан беретіні белгісіз. 15 жыл бойы өте баяу қозғалып жатқан кезектің тоқтап қалмасына да кепіл жоқ. Әрі бұл мәмілелердің қаншалықты заңды екені де күмәнді. Ертең қандай да бір кедергі шықса ше? Соны білмекке бірнеше нотариусқа хабарластық. Көпшілігі оны тек келіп қана білуге болатынын, телефонмен қандай да бір түсініктеме бере алмайтынын айтып бас тартты. Тек біреуі ғана аты-жөнін атамауды өтініп, тұшымды жауап берді. «Мұндай мәмілелерді жасап көрген емеспін. Бірақ бұл жерде бәрі соншалықты заңды деп айта алмаймын. Өйткені жердің құжаты, кадастр нөмірі жоқ. Тек қарыз алу туралы ғана мәміле жасалуы мүмкін. Бірақ тәуекелі өте жоғары. Ертең мемлекеттік органдар жер кезегін сатқан адамдардың тізімін жинап, оларды кезектен шығарып та тастауы мүмкін ғой. Сондықтан да заң бойынша бұған тыйым салынуы қажет деп ойлаймын», – дейді атыраулық нотариустардың бірі. Ендеше, өзіне тиесілі кезекті сату алаяқтыққа жата ма? Оны сатуға кім рұқсат берді? Оған ақша салған адамның жерді алатынына кепілдік қандай? Жер кезегін сатқан адам қайтыс болып кетсе, ертең ақша да жоқ, жер де жоқ, далада қалмас па? Мемлекет тарапынан қандай шара қолданылуы мүмкін? Болмаса, мұндай қитұрқылықтарды біліп қойған жер ресурстарын басқарушы органдар жер беруді тоқтатып тастаса қалай болмақ? Ал жер кезегі қашан жылжиды? Сұрақ көп! Жауапты тиісті органдардың еншісіне қалдырдық.Нұрлан ҚОСАЙ