Әлеуметтік пакет әлеуетті арттырады

Әлеуметтік пакет әлеуетті арттырады

Әлеуметтік төлем жүйесі рет­теліп келеді. Өйткені Мемлекет басшысы бірнеше заңға қол қойды. Енді мұғалім мәртебесін көтеру, АӘК алу мен әлеуметтік қызметтер порталын қолдану оңтайлана түседі.

28 желтоқсан күні Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеу­меттік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандыру және денсаулық сақ­тау саласындағы мемлекеттік-жеке­шелік әріптестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу ту­ралы» заңына қол қойды. Заңға сәйкес 2020 жылдың 1 қаңта­рынан бас­тап атаулы әлеуметтік көмек көр­сетудің жаңа тәсілдері жіктеледі. Енді еліміздегі барлық көпбалалы отбасы үшін табысына қарамай мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Ал табысы аз отбасылардан шыққан балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет енгізіледі.

Табысқа қарамай АӘК аласыз

4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын балалары бар барлық көпбалалы отбасыларға табысқа қарамай АӘК төленеді. Мәселен, бір айлық есептік көр­сеткіштің 2 651 теңге екенін ес­керсек, төрт балаға – 42 496 теңге, бес балаға – 54 080 теңге, алты ба­лаға – 63 757 теңге, жеті және одан көп балаға 74 387 теңге әлеу­меттік көмек беріледі. Бұдан бөлек, отбасы мүшелері үшін жан басына шаққандағы табыс пен кедейлік шегі арасындағы көрсеткіш сәйкес келмесе, АӘК алуға болады. Яғни, отбасындағы жан басына шақ­қандағы орташа табыс өңірлік күнкөріс дейгейінен 70 пайызға аз отбасылар атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш бере алады. Сондай-ақ АӘК көмек алатын отбасында жұмысқа қабілетті жан болса, екі қолға бір күрек табуға болады. Өйткені елімізде Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бар. Жұмысқа жарамды азамат аталған бағдарлама арқылы өмір сүру деңгейін жақсарта алады. Егер азамат ұсынылған жұмыс пен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шарасынан бас тартса, отбасына 6 ай бойы әлеуметтік көмек беру тоқтатылады.

Өздеріңізге белгілі, АӘК беру күшіне енгелі ел арасында түрлі дерек тіркелді. Адамнан айла ар­тылған ба? Атаулы әлеуметтік кө­мек алу үшін табысын жасыр­ғандар, жұмыстан шыққандар, тіпті пайданы ажырасудан ізде­гендер бар. Өтіріктің өрге баспай­тынын ескерсек, көп өтпей жеңіл­дің үстімен жүргендердің қулығы әшкере болды. Енді мұндай олқы­лыққа орын жоқ. Өйткені деректер қоры барынша сақ қимылдауға көшеді. Әлеуметтік көмек берудің әділ әрі ашық өтуі үшін азаматтар тоқсан сайын өтінішті қайта ен­гізеді. Бұл қосымша құжат жинап сарсаңға түсесіз деген сөз емес. Тек мемлекеттің деректер қорында толық мәліметіңіз болып, жеке куәлігіңіз қалтаңызда жүруі тиіс.

Ал жалған құжат ұсынса ше? Заң мұны да қарастырған. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін жалған мәліметтер мен анық емес құжат өткізген азаматтар болса, оларды ұсынған күннен бастап алты ай бойы отбасына АӘК та­ғайындалмайды.

Тағы бір есте ұстайтын жайт, кентте, ауылды жер мен округте тұратын азаматтардың АӘК алуға өтініші мен құжатының электрон­ды көшірмесі мемлекеттік орган­дар мен ұйымдардың ақпараттық жүйесінде болмауы мүмкін. Құ­жаттар уәкілетті органдардың қолына тигесін 7 жұмыс күні ішін­де қаралады. Олар қорытындыны халықты жұмыспен қамту орта­лығы мен округ әкіміне өткізеді. Сондай-ақ былтыр үлестірген АӘК-де мүдделі тұлғалар мал ба­сын, тауық санын есепке алды деп байбалам салды. Толықтырылған заң жүйесінде бұл талап ескерілген. «Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдары өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, үй малын, құсты және жер учаскесін (жер үлесін) табыс бермейді деп айқындауға құқылы» делінген 6-баптың 1-тармағында.

Жоғарыдағы түзетулер оңымен іске асса, елдегі аналардың ұйқысы тыныш болады. Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігі мәліметінше, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 340 мыңнан астам көпбалалы отбасының жаңа жәрдемақыға қолы жетеді. Бұған қоса, әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына кепілден­дірілген әлеуметтік пакет беріледі. Оның ішіне не кіреді дерсіз? Әлеу­меттік пакетте мектепке дейінгі жастағы балалар үшін балалар тағамы, гигиеналық құралдар, білім беру қызметтері бар. Мектеп жасындағы балалар үшін ыстық тамақ, мектеп киімдері мен керек-жарақтарын сатып алу, жол жүру шығындарын өтеу, сондай-ақ ме­дициналық қызмет көрсетіледі. Бірақ осы жерден тағы бір мәсе­ленің басы қылтияды. Ауылды жерде тұра­тындар үшін әлеуметтік пакетті сертификат түрінде алған қолайлы. Өйткені үлестірген тауардың мер­зімі өтіп кетуі мүмкін. Оған тиесілі затты уақытында жет­кізу мен та­рату жұмыстарын қосы­ңыз. Сон­дықтан берген де, алған да риза болатындай оңтайлы ше­шім тапқан жөн.

 


Мәртебесін ұстаздың көтереміз бе?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тамыз конфе­ренциясында берген тапсырма­лары «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасында реттелді. Сондай-ақ бұл мәселе «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұ­ға­лімге жүктемені төмендету мә­селелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға енгізілді.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы 21 баптан тұрады. Мұғалім үшін құнды құжат төрт бағытты қамтиды. Мәртебе көтеру мақса­тындағы алғашқы қадам – ұстаз­дардың құқығын көрсетіп, өзіне қатысы жоқ жұмыстан босату. Заң іске асса, мектептің жанында шөп отап отырған мұғалімді көрмейтін боламыз. Бұған қоса жүктемені азайту бар. Екіншіден, ұстаз болу оңай жұмыс емес екеніне көз жет­кізіп, қызметке қоятын талаптарды күшейту мәселесі бекіді. Әрине, материалдық емес ынталандыру тетіктері іске қосылады. Төртін­шіден, материалдық ынталандыру мәселелері қолға алынады. Мы­салы, жас маманның мерзіміне сай жалақысын көтеру, еңбек өтілі мен санатына қарай ынталандыру бар. Мәселен, магистр дәрежесі бар мұғалімге 25 250 теңге қосымша ақы төленеді. Бұдан бөлек «Қазақ­станның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасы, «Үздік педагог» атағы мен «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» марапаты бекітілді. Әрқайсының өзіндік құны белгіленген. Сондай-ақ заңда әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған. Енді мұғалімдер бұрынғыдай 56 күн еңбек дема­лысында жүреді.

Заңдағы 12-баптың 5-тармағын көріп ауылды жердегі ұстаздар шын қуанған болар. Себебі тар­мақта көрсетілгендей, «жергілікті өкілді органдардың шешімі бо­йынша педагогикалық қызметті қала жағдайында жүзеге асыратын педагогтердің ставкасымен салыс­тырғанда кемінде жиырма бес пайызға арттырылған айлықа­қылар мен тарифтік мөлшер­ле­мелер белгіленуі мүмкін». Ендігісі бір жүйеде түрлі бап пен тармақтың қатаң түрде орындалғаны керек. Оқушы алдында ұстаздың беделін көтеріп, қосымша жұмысқа жек­пей, қағазбастылықтан құтқарсақ мерей мен мәртебенің өскенін көрсетеді.

 

Әлеуметтік қызметтер порталы

Аталған порталдың іске қосы­луы – мүмкіндігі шектеулі жанға үлкен көмек. Өйткені олар портал арқылы 1 қаңтардан бастап техни­калық оңалту құралдарының 55 түрінің 24-іне және мемлекеттік мекемелерде арнайы әлеуметтік қызметтерге тапсырыс береді. Ал техникалық оңалту құралдарының қалған 31 түрі 2020 жылдың шіл­десіне дейін порталға енеді.

Әлеуметтік қызмет порталы мүм­кіндігі шектеулі жандарды оңалту құралдарымен қамтамасыз етеді. Мысалы, протездік-орто­педиялық, дыбыстық техникалық, тифлотехникалық және гигие­на­лық құралдармен, сондай-ақ мүге­дектер арбаларын беруді көздейді. Оған қосымша арнаулы әлеуметтік қызметтер бар. Арнаулы қызметке жеке көмекшілердің, ымдау тілі мамандарының және санато­рийлердің қызметі кіреді.

Порталдың жұмыс бастауына басты себеп – уақыт үнемдеу. Өйт­кені бұ­дан бұрын мүмкіндігі шек­теулі тұл­ғалар оңалту құралдарын мем­лекеттік тапсырыс бойынша ала­тын. Оны алу мен кезекке тұ­руға, өтінішке олар кемі 8 ай уақыт жұмсайды. Ал порталдың аталған қызметтерді 8 айдан 1-2 аптаға дейін қысқартуға қауқары бар. Пай­даланушылар оңалту құрал­дарын өз бетімен таңдауға құ­қылы. Бастысы бәрін «бір терезе» арқылы басқаруға болады. Пор­тал жұмысы нәтижесін берсе, олар ұзын-сонар кезексіз, ма­шақатсыз әлеуметтік қызметті пайдаланады.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ