«Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалы қоғамдық қабылдауларында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өтініші тыңдалды.
«Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында ZOOM форматында өткен қоғамдық қабылдауға облыстың әр түкпірінен денсаулығында ақауы бар азаматтар өтініш білдірді. Өтініш иелерінің сұрақтарына облыстық басқарма өкілдері жауап беріп, заң нормалары шеңберінде түсініктеме берді. Партияның қоғамдық қабылдауына хабарласқан азаматтардың дені дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, курорттық ем алу, медициналық порталдың жұмысына байланысты шағымын жеткізіп, атаулы әлеуметтік көмек алу, жәрдемақы тағайындау, мүгедектік санатын алу мәселелерін айтты.
Әр өтініш жауапсыз қалмады. Жергілікті атқарушы орган қызметкерлеріне «Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов өтініш иелерінің мәселесін ең қысқа мерзімде қарастырып, шешуді тапсырды. Жалпы, бұл күні Ақмола облысы бойынша партияның қоғамдық қабылдауларына 72 азамат жеке мәселесі бойынша жүгініп, оның 34%-ы оң шешімін тапқан.