Алматыда екі зейнеткерді өлтірген ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта айтылды.
Алматы сотында екі зейнеткерді пайда табу ниетімен өлтіру және оларға қарақшылық шабуыл жасау дерегі бойынша қылмыстық іс қаралғаны хабарланды.
«Сот 2020 жылы шілдеде О. есімді сотталушы көлік сатып алу мақсатында ерлі-зайыпты зейнеткердің пәтеріне заңсыз кіріп, оларға шабуыл жасап, пышақпен қорқытып, ақша талап еткенін анықтады. Егде жастағы қариялар қарсылық көрсеткенде сотталушы оларды пышақтаған. Олар оқиға болған жерде қайтыс болды. Кейіннен сотталушы О. 500 доллар, 360 мың теңге ақшаны және ұялы телефонды ұрлап кеткен», – деді қалалық соттың баспасөз қызметі өкілдері.
Сотта прокурор айыпталушыны 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, ал жәбірленушілер өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы ұстанымын айтты. Сотталушы кінәсін ішінара мойындаған екен.
«Сот үкімімен О. екі адамды өлтіргені және қарақшылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі ең қатаң жаза кесілді. Қатаң жаза сотталушының бұрын да қарақшылық үшін сотталғаны және ол әрекетінен сабақ алмағаны үшін тағайындалды. Зейнеткерлер 81 және 89 жаста», – деп толықтырды департамент өкілдері.