Сенаторлар дипломаттарға қатысты заңды Мәжіліске қайтарды. Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Сенат отырысында депутаттар «Қазақстанның дипломатиялық қызметі туралы» қолданыстағы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жаңа заң жобасын қарады.
Осы құжат арқылы қазақстандық дипломаттарға қызметке кіру кезінде қойылатын талаптар күшейтілетін болды. Мысалы, олар үшін енді тек мемлекеттік тілді білу аздық етеді, сонымен қатар шет тілдерін де білуі қажет. Әйтпесе, ағылшын тілін білмейтін тұлғалар елші болған. Бұған қоса, құқықбұзушылық жасағаны үшін дипломаттардың дәрежесі төмендетіледі немесе одан айыру да қаралады. Елшілік қызметкерлері тентек мінезімен, бөтен елдің заңына қайшы іс-қимылымен елдің беделіне дақ түсірмеуге тиіс. Мәулен Әшімбаев аталған заң жобасының ерекше маңызын атап өтті. Халықаралық аренада Қазақстанның мүддесін ілгерілетуде отандық дипломатиялық қызметтің ерекше рөл атқаратыны ескерілді. – Құжат еліміздің дипломатиялық қызметінің құқықтық базасын жетілдіріп, реттейді және осы саладағы өзекті мәселелерді шешуге ықпал етеді. Жоба дипломатия саласының ардагерлерін әлеуметтік тұрғыдан қолдауға бағытталған нормаларды да қамтиды. Заң еліміздің дипломатиялық қызметінің тиімділігін арттыруға өз үлесін қосады деп сенеміз, – деді М.Әшімбаев. Депутаттар заң жобасын қарау барысында оған бірқатар түзету енгізуді ұсынды. Сенаторлар «дипломатиялық қызмет ардагері» ұғымын түзетуді және осы санатқа жататын адамдар тобын қайта қарауды ұсынды. Сондай-ақ Қазақстанның шетелдік елшіліктері қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерінің дипломатиялық поштаны жеке мақсатына пайдалануын, мысалы сол арқылы өздеріне арналған заттар мен техниканы Қазақстанға жіберу құқығын жоюды сұрады. Заң жобасы Сенаттың осы және басқа да түзетулерімен Мәжіліске қайтарылды. Өйткені бұл түзетулер енуі үшін Мәжіліс депутаттары келісімін беруі керек. Сондай-ақ сенаторлар «Кейбір заңнамалық актілерге атом энергиясын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да талқылады. Құжат атом энергетикасы саласындағы мемлекеттік органдардың өкілеттіктері мен міндеттерінің аражігін нақты ажыратады. Бұл қазақстандықтардың қауіпсіздік деңгейін арттыруға, сондай-ақ меморгандар өкілеттіктерінің қайталануын болдырмауға мүмкіндік бермек. Құжат отандық заңнаманың кейбір ережелерін Халықаралық атом энергиясы агенттігінің қауіпсіздік жөніндегі талаптарына сәйкес келтіреді. Заңды Парламент құптады. Енді Мемлекет басшысына қол қоюға жіберіледі.Елдос СЕНБАЙ