Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру деңгейін арттыру – мемлекет алға қойған маңызы зор мақсаттардың бірі. Осы орайда олардың жүріп-тұруына, қоғамның тең мүшесі ретінде қалаған жеріне қиындықсыз жетуіне жағдай жасалуы «Nur Otan» партиясының жіті бақылауында.
«Nur Otan» партиясының Қызылорда облыстық филиалы осы бағыттағы кешенді іс-шаралар жоспарына 7-26 ақпан аралығын әлеуметтік нысандардың мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін бейімделуіне мониторинг жүргізу айлығы етіп енгізіп, тиісті жұмыстарды бастап кетті. Құрамында мүгедектер қоғамдық ұйымдарының өкілдері, түрлі жауапты мекемелер, мәслихат депутаттары мен қоғам белсенділерінен жасақталған облыстық партия филиалы жанындағы мониторинг тобы партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында шаһардағы азаматтар көп баратын бірқатар әлеуметтік нысанға бақылау жұмыстарын жүргізді. Яғни, «Энергосервис» ЖШС, «Халық» банкінің филиалы, №3 «Халыққа қызмет көрсету орталығы» және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» («Отбасы банкі») ғимараттарында болып, олардың мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін бейімделуін қадағалады. Қуанатын тұс та, кемшіліктер де кездесті. Бірінде пандусы сәйкес келмесе, екіншісінде автотұрағы дұрыс емес болып шықты. Мониторинг соңында кемшіліктер айтылып, оны алдағы уақытта түзеу керек екені ескертілді. Айта кету керек, осы мониторинг жүргізу айлығы аясында облыс бойынша 300-ден аса әлеуметтік орынды аралау жоспарлануда. Олардың 60-қа жуығына мониторинг жұмыстары жүргізілді. Айлық қорытындысы облыстық партиялық бақылау комиссиясы отырысында қаралып, қорытындыланатын болады.Әбілмансұр ЖАСАН