Экономикадағы мемлекет меншігі азаяды
Экономикадағы мемлекет меншігі азаяды
245
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Samruk Business Forum отандық тауар өндірушілерді қолдау фо­румына қатысты.

Ол фо­румның отандық бизнес өкілдері мен «Самұрық-Қазына» қоры үшін маңызды басқосу екенін айтты. Атап айтқанда, жалпы сомасы 67 миллиард теңгеге тікелей офф-тейк немесе алдын ала жасалған келісімшарттар мен стратегиялық келісімдерге қол қойылған. Пре­зидент қордың жұмысына оң баға берді. – 15-тен астам бағыт бойынша өте жақсы және мазмұнды жос­парлар бар. Атап айтқанда, хол­дингтің сатып алуларын оңтай­ландыру жөнінде ауқымды жұмыс атқарылған. Кәсіпорындарды, оның ішінде, тұралап қалған ком­панияларды қолдау бағдарла­ма­лары әзірленген, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев панде­мияның экономикалық салдары­мен күрес кезінде мемлекеттік ірі корпорациялар мен бизнес өкіл­дері арасындағы серіктестікті қол­даудың маңызы арта түскенін атап өтті. Президенттің айтуынша, отан­дық өндірісті дамытуда квази­мем­лекеттік секторға, әсіресе «Са­мұ­рық-Қазына» қорына өте маңызды міндет жүктеліп отыр. Мемлекет қор арқылы бизнестің кез келген түріне қолдау көрсете алады. Қасым-Жомарт Тоқаев жер­гілікті өнімді анықтайтын әдістің өзін жетілдіру керек деп санайды. Ал онда екіұштылық пен әртүрлі түсінік болмауы керек. Бұл өнер­кәсіп саясатын дұрыс құруға, қол­дау механизмдерін тиімді пайда­лануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар сатып алу проце­сінің барлық кезеңін ашық өткізу – маңызды жұмыстың бірі. – Жұрттың сатып алу жоспары мен шарттары туралы ақпаратқа қол жеткізе алмауы, құпия сөз бай­ласып шешім қабылдау деген сияқты әрекеттің бәрі өткен күн­нің еншісінде қалуға тиіс. Бұл маңызды мәселеде оң өзгерістер басталғанын айта кеткім келеді. Аталған саланы цифрландыру «қисынсыз» шешімдерді тез анық­тауға және сүзгіден өткізуге, артық бағалардың алдын алуға және сапалы тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға мүмкіндік береді. Тендерлер мен конкурстық комиссиялардың шешімдері арасында келіспеушілік туындаған жағдайда ондай дауларды шешудің ашық механизмін әзірлеу қажет. Осы және басқа да аспектілер «Квазимемлекеттік сектордағы сатып алу туралы» заңда бекітілуі керек. Заң жобасы Парламентке жіберілді, – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев эконо­миканы мемлекет меншігінен шы­ғару жолында нақты жұмыстар істеліп жатқанын атап өтті. Бұл отандық кәсіпкерлер мен инвес­торлар үшін тағы бір мүмкіндік. 2025 жылға дейінгі жекешелен­дірудің жоспарына 700-ге жуық мемлекеттік кәсіпорын енеді. Президент Оның 112-сі «Самұрық-Қазынаның» құрылымына кіреді. Президент сөзінде мемлекет меншігінен шығару саясатының үш негізгі қағидатын атады. – Бірінші, жекешелендіру жеке монополистердің пайда болуына жол бермеуге тиіс. Өкі­нішке қарай, бізде инфра­құ­ры­лымның негізгі нысандарын тиімсіз жекешелендіру деректері бар. Мемлекеттің экономикалық мүддесіне нұқсан келтіретін орын­сыз жекешелендірулерге жол беруге болмайды. Екінші, активтерді жекеге сату бюджетке түсетін салмақты азай­туға септігін тигізуі қажет. Жеке ком­паниялар өз табыстарының ба­сым бөлігін бюджеттік тап­сы­рыс­тардан, жеңілдіктерден, грант­тардан және басқа артықшы­лықтардан емес, өз тауарларын экспортқа шығару және көрсететін қызметтері арқылы нарықтан табуы керек. Үшінші, жекешелендірудің нақты экономикалық қайтарымы болуы тиіс. Кез келген кәсіпорын­ды жекешелендіруді оның тиім­ділігін жақсарту, ұлттық эконо­микаға қосатын үлесін арттыру деп түсіну керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы ретте Президент жеке­шелендірудің барлық процесінің ашық өтуіне ерекше тоқталды. – Жекешелендіру мемлекеттік меншікке қатысты болғандықтан азаматтарымыз оның барлық шар­тын білуге құқылы. Қоғамдық ба­қылау – жекешелендіру проце­сінің барлық кезеңінің тиімді әрі ашық өтуінің пәрменді құралы. Үкімет пен қорға тиісті тапсырма берілді. Қордың ірі компания­ларына қатысты айтсақ, «Халық­тық IPO» арқылы жекешелендіру өте өзекті болмақ,– деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бір маңызды мәселе ретінде еліміз­дің 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарының мақсат-міндеттеріне сәйкес «Самұрық-Қазынаның» басымдықтарын кеңейту мәселе­сіне тоқталды. Қор мен портфельді компанияларды дамыту жоспары осыған сәйкес келуі керек. – Қордың инвестициясы да ұлттық экономикаға бағытталуы үшін инвест-портфельдерді әр­тарап­тандыру маңызды. Ұлттық әл-ауқат қоры өзінің атына сай болуы керек. Менің бұған күмәнім жоқ. Ел экономикасы үшін қор­дың орасан зор маңызын ескере отырып, жалпымемлекеттік ба­сымдықтарға қол жеткізу жо­лында одан әрі дәйекті жұмыс істей бе­реді деп сенемін, – деді Президент.