Қажымұқанның мерейтойы басталды
Қажымұқанның мерейтойы басталды
387
оқылды

10 ақпан күні Қ.Мұңайт­пасұлы атындағы олимпиада резервінің мамандандырыл­ған республикалық мектеп-интернат-колледжінде даңқ­ты қазақ балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жыл­дығын тойлауға арналған сал­танатты шара өтті.

Кездесудің ашылуында сөз сөй­леген Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Қажымұқан Мұңайтпасұлының мерейтойын министрлік респуб­лика­лық деңгейде атап өтуге да­йын­далып жатқанын айтты. «Қажымұқан атамыз – бар ғұмырын күрес өнеріне арнап, көзі тірісінде аңызға айналған азамат. Кей деректерге сенсек, балуан ба­бамыз күрестің бірнеше түрінен 54 мемлекетте күресіп, 48 медаль ол­жалаған. Сонымен қатар Қажы­мұқан Мұңайтпасұлы ел есінде бозкілем төріндегі балуандығымен қатар домбыра шертіп, ән салған сегіз қырлы, бір сырлы тұлға ре­тінде қалған. Батыр бабамыздың 150 жылдығы осы жылы рес­пуб­лика аумағында атап өтіледі», –  деді министр. Шара аясында белгілі спортшы Сергей Цырульников, Тимур Сып­атаев секілді елімізге танымал зор күш иелері көпшілікке өнерін көр­сетті. Өз кезегінде Сергей Цыруль­ников өткен ғасыр палуандарының мұрасын жаңғырту маңызына тоқ­талды. «Басты мақсат – өскелең ұр­пақ­тың бойына ата-бабаларымыз аманаттап кеткен қасиеттерді сіңіру. Ата-бабамыздың мұрасын жаңғыртып, соның негізінде жастарды тәрбиелеуге болады. Сонымен қатар елімізде бұқаралық және балалар-жасөспірімдер спортына аса мән беру маңызды. Сол жерден болашақ чемпиондар шығады. Министрліктің қолдауы­мен мен де осы бағытты дамытуды жоспарлап отырмын», – деді Сергей Цырульников. Шара кезінде санитар­лық-эпи­демиологиялық талаптар қатаң сақ­талды.

Айша ЕРСҰЛТАН