Жер үй өртеніп, үй иесі мен әйелі, студент қыз бен төрт жастағы бала бақилық болды. Олардың 6 жастағы қызы жетім қалды. Бұл туралы AstanaTV хабарлады.
Степная көшесінің бойында орналасқан жер үйде өрт таңғы сағат 7-лер шамасында шыққан. Алдымен кіберберіс өртеніп, кейін жалын үйдің шатырына көшкен. Баспананың отқа оранғанын осы маңайдағылар байқап, өртсөндірушілерді шақыртқан.
Құтқарушылар келген сәтте үй тұтастай өртке оранған. Бастапқыда құтқарушылар өрт орнынан үш мәйітті алып шықты. Ал төрт жастағы баланың денесін өрт сөндірушілер бірнеше сағат іздеді.
ТЖД басшысының орынбасары Орал Әбдірахманов: «Өрт 90 шаршы метр аумақты шарпыған. Өкінішке қарай, өртенген үйден 4 адамның мәйіті табылды. Өрттің себебін арнайы мамандар анықтайды. Екі баланың біреуі – 2017 жылғы, екіншісі – 2001 жылы туған қыз бала», – дейді.
Студент қыз отанасың сіңлісі екені белгілі болды. Қашықтан сабақ оқып жүрген медициналық колледждің 2-курс студенті интернет үшін уақытша әпкесінің үйіне келген.
Ерлі-зайыптылардың бақилық болған 4 жастағы баласынан бөлек, 1-сыныпта оқитын қыздары бар. Ол қыз кеше әжесінің үйінде болған.