25 жыл адам жанына араша болған Роза Көккөзова пандемия кезінде коронавирус жұқтырып, өзі дәрігер көмегіне зәру болды. Індет ушыққанда демалыссыз жұмыс істеген дәрігерге министрлік уәде еткен 2 миллион теңге төленбеді. Қарағандылық акушер-гинеколог өзіне тиісті өтемақыны талап етіп, сотқа жүгініп отыр.
Роза Көккөзова Қарағанды облысы Абай қаласының орталық ауруханасына облыс орталығынан қатынап жұмыс істейді. Ол жүкті әйелдерді перзентханада да, провизорлық ауруханада да емдейді. Пневмония асқынған уақытта бөлім меңгерушісі қызметін атқарды. Егер дәрігер айына 176 сағат жұмыс істеуі керек болса, мен 23 күнде 228 сағат жұмыс істедім. Күні-түні жұмыста болдым. Көптеген дәрігер сияқты мен де коронавирус жұқтырдым. Біздің бөлім екі аптаға карантинге жабылды. Акушер дәрігерлер министрлік уәде еткен төлемді күттік. Бірақ маған коронавирусты автобуста немесе үйде жұқтырған деген шешім шығарып, тиісті төлемді өтемеді. Мен жұмысқа қызметтік көлікпен барып-келіп жүрдім. Үйде жалғыз тұрамын», – дейді дәрігер. Эпидемиологиялық картада Роза Көккөзова вирусты үйде немесе қызметке барарда жұқтыруы мүмкін деп жазылған. Картадағы деректермен дәрігер келіспейді. Мәселен, дәрігер коронавирусқа талдауды Қарағандыда тапсырған. Ал картада оны Абай қаласында тапсырды деп көрсеткен. Әрі картадағы барлық мәлімет науқастың сөзімен толтырылған деген жазба да дәрігерді шамдандырып отыр. «2 миллион теңгені алу басты мақсатым емес. Дәрігерлерге берілген уәде орындалуы керек. Әр маман өзінің денсаулығына келген зиян үшін өтемақы алуы тиіс», – дейді Роза Көккөзова. Оның айтуынша, бөлімде одан бөлек тағы төрт дәрігер коронавирус жұқтырған. Олардың бірде-біреуіне бұл өтемақы төленбеген. Құқығын қорғау үшін Роза Көккөзова сотқа шағым түсірді. Арызда бес жауапкер көрсетілген. Жауапкерлер: Денсаулық сақтау министрлігі, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы, облыстық және аудандық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және Абай қаласының орталық ауруханасы. Дәрігердің адвокаты Майра Жақубаеваның айтуынша, эпидемиологиялық картаны толтырған мамандар қазір жұмыс істемейді. Біреуі жұмыстан шыққан, екіншісі – декреттік демалыста. «Құзырлы орган өтемақыны төлеу бойынша әрекетсіздік танытып отыр. Өтемақыны қарайтын комиссия бүгінде жұмысын тоқтатқан. Біз сол себепті сотқа жүгініп отырмыз»,– дейді адвокат. Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасы сот шешімінен кейін ғана жауап беріледі деп отыр. Адвокатқа коронавирус жұқтырған тағы үш дәрігер құқығын қорғауды өтініпті. Былтыр наурызда Үкімет коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлеріне 2 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуге шешім қабылдады. Ал дәрігерлер асқынған коронавирустан көз жұмса, отбасына 10 миллион теңге көмек тағайындады. Дегенмен бұл өтемақыны алу үшін ақ халаттылар вирусты жұмыста жұқтырғанын дәлелдеуі керек болды. Жеті ай өткен соң, 20 қазанда коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлеріне берілетін өтемақы тоқтатылды. Үкімет ауруханалар санитарлық режимді сақтауға өздері мүдделі болуы тиіс екенін алға тартты. Санитарлық дәрігерлер де бұл жеңілдік дәрігерлерді босаңсытып жібереді деген қауіп айтты. «Осыған дейін бірреттік өтемақыны алдыңғы шепте жүріп, коронавирус жұқтырған 9 мыңға жуық медқызметкер алған. Енді дәрігер ауырса, мемлекет тарапынан төлем жасалмайды. Бірақ көмек жергілікті атқарушы орган есебінен көрсетілуі мүмкін. Бұған дейін ауру жұқтырғандарға 2 миллион, қайтыс болғандарға 10 миллион теңгеден төленіп келді. 20 қазаннан бастап өтініш қабылданбайды. Ал осыған дейін 13 мың медицина қызметкері коронавирус жұқтырды. Олардың 95 пайызына өтемақы төленді. Қалған 5 пайызы осы аптаның аяғына дейін алады» деген болатын Денсаулық сақтау министрлігінің бірінші вице-министрі Марат Шоранов. Пандемия кезінде 13 мыңға жуық медицина қызметкері коронавирус жұқтырды, оның 182-сі қайтыс болды. Бұл нақты статистикаға кірген мәлімет. Дегенмен індет өршігенде ПТР-тесті мен КТ аппараттардың жеткіліксіздігінен біраз медицина қызметкері қауіпті вирус жұқтырғанын дер кезінде дәлелдей алмады. Кейбірі үйінде емделді. Ал Роза Көккөзоваға тоқтатылған төлемнің берілу-берілмеуін сот шешеді.Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы