Агенттіктің мәліметінше, лицензиядан айыруға банктің талаптарды орындамағаны себеп болған.
«Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2021 жылғы 11 ақпандағы №22 қаулысына сәйкес, Asia Credit Bank (Азия Кредит Банк) АҚ-ты агенттік банкке банк және өзге де операцияларды және бағалы қағаздар нарығында қызметті жүргізуге берген лицензиясынан айыру туралы шешім қабылданды» делінген хабарламада.
Лицензиядан айыруға себеп болған жайттар:
пруденциялық нормативтерді және (немесе) сақталуы міндетті басқа да нормалар мен лимиттерді жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) бұзу;
қадағалап ден қою шараларын жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) орындамау;
уәкілетті органның қосымша капиталдандыру жөніндегі талаптарын банктің ірі қатысушысының орындамауы.
Лицензиядан айыру күнгі жағдай бойынша банк активтерінің мөлшері 45,4 миллиард теңге, несие портфелі – 45,0 миллиард теңге, оның ішінде 31,6 миллиард теңге немесе банктің несие портфелінің 70,0 пайызы 90 күннен астам мерзімі өткен жұмыс істемейтін кредиттер. Лицензиядан айырылған күні Asia Credit Bank өтімді активтерінің мөлшері – 75 миллион теңге. Орындалмаған клиенттік төлемдердің мөлшері 8,0 миллиард теңгеден асады.
Asia Credit Bank-те биыл 1 ақпандағы мәлімет бойынша 23 174 жеке тұлғаның депозиттері бар, олардың жиынтық қалдығы - шамамен 19 млрд теңге. Банк салымшыларының, жеке тұлғалардың 97,7 пайызының депозиттері ҚДКҚ кепілдігімен толық көлемде өтеледі.