Кісі қолынан көз жұмған саңлақтар
Кісі қолынан көз жұмған саңлақтар
202
оқылды

Өткенге зер салсақ, қазақ спортында өзіндік орны бар бірқатар спортшылардың ғұмыры келте болғанына көз жеткізе түсесің. Ең өкініштісі, олардың бірқатары кісі қолынан мерт болды. Байрақты бәсекелерде абыройымызды асырып жүр­ген спортшыларымызды қорғай алмай жүргеніміз көңілге кірбің ұялатады. Денис Теннің қазасын да бүкіл ел зор күй­зеліспен қабылдап, халық қайғыдан қан жұтты. Бұл оқиға құй­рықты жұлдыздай жарқ етіп, қазақ елінің маңдайына сыймай кеткен дарынды жандардың тағдырын еске салады.

Күні кеше Ақтөбеде каратэден Азия кубогының иегері, спорт шеберлігіне үміткер 18 жастағы Дәулет Хайролла кісі  қолынан мерт болды. Бұл – қазақ спорты үшін ауыр қаза. Спортшы­лары­мыздың жанжал кезінде оққа ұшуы бұдан бұрын да бірнеше рет қай­таланды. Әлі де қайталанып келе жатыр. Бұған кімді кінәлаймыз? Өткеннен сабақ алмаған өзіміз жазықты шығармыз, бәлкім. Біз осы ретте ғұмыры келте болған спортшыларымызды еске алдық.

«Мерседестен» мүрдесі табылды

1995 жылы  Алматы қаласын­дағы Төлеби мен Ясауи көшелерінің қиылысында көлік ішінен кик­бокстан аса ауыр салмақтағы Қа­зақ­станның бірнеше дүркін чем­пионы Ерхан Садықовтың мүрдесі табылды. Тергеу барысында оны өзінің досы өлтіргені анық­талды. Ерханның жетістікке жет­кенін көре алмаған жендет жол­дасын тапаншамен атқан.

Жиырма жерінен пышақ сұққан

1996 жылы Алматыда КСРО Еңбек сіңірген спорт шебері Мұрат Жексембеков үйінде қаскөйдің қолынан қайтыс болды. Спортшы­ның пәтеріне баса-көктеп кірген жауыз оған жиырма жерден пышақ салған. «Динамо» клубының капи­таны, хоккейден чемпион болған Мұрат 55 жасында көз жұмды.

Қандықол қаскөйдің қолынан мерт болды

1998 жылдың сәуір айында қазақтың біртуар ұлы Бексейіт Түлкиев көз жұмды. Қандықол қаскөй таэквондодан 6 дан иегеріне көлігін тұраққа қойып жатқанда пышақ сұққан. Мұстафа Өзтүріктің ізбасарының тағдыр жолы осылай­ша шорт қиылды.

 Тапаншадан оқ жаудырған

2000 жылы 3 мамырда Орал қаласында түн ортасында самбодан әлем чемпионы, әлем кубогының иегері 37 жастағы Асқар Шайхиев үйінің іргесінде жан тапсырды. Спортшыны Макаров тапанша­сымен атқан. Оған төрт жерден оқ тиген. Жалдамалы кісі өлтіруші «Ресейде жүр» деген қауесет тара­ғанымен, спортшының өлімі жұм­бақ күйінде қалды.

Азия чемпионын автоматпен атты

2001 жылдың ақпан айында Қарағанды қаласындағы «Офсайд» дәмханасына баса-көктеп кірген он шақты жігіт іштегілерге оқ жаудырып, бірнеше адамды жазым қылады. Қылмыс орнына жеткен полицейлер дәмхананың ішінен бес адамның мәйітін табады. Жан­тәсілім еткендер арасында бокстан КСРО және Азия чемпионы, Ат­ланта Олимпиадасына қатысу­шы 29 жастағы Бектас Әбубәкіров те бар еді.

Бапкерге қастандық жасады

2002 жылы 14 маусымда қазақ жанкүйерлері қара жамылды. Ал­ма­тыдағы көпқабатты үйлердің бірі­нде орналасқан пәтерінің қа­сына жеткен тұста жендет әйгілі боксшы, даңқты бапкер Әбдісалан Нұрмахановқа ту сыртынан оқ атты. 66 жастағы спортшы сол жер­де жантәсілім етті.

Левиттің бапкері Бұсырманов та оққа ұшты

Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының жүлдегері, Азияның үш дүркін чемпионы Василий Левиттің алғашқы бапкер­лерінің бірі болған Асылхан Бұсыр­манов та жанжал кезінде оққа ұшты. Тоқсаныншы жылдардың басында Қазақстандағы ең мықты кикбоксшылардың бірі саналған Асылхан 29 ақпанда Қостанайдағы «Доброе» дәмханасында 37 жастағы жергілікті кәсіпкер Валерий Алек­сеев­тің қос ұлымен жанжалдасып қалады. Арада бес күн өткеннен соң Алексеев спорт кешенінің қа­сына келіп, Бұсырмановты далаға шақырады. Кәсіпкер спортшы көлігіне жақындаған бетте  атып өлтіреді.

Ауыр жарақаттан көз жұмды

2008 жылдың 15 қазанында Алма­тыдағы Момышұлы мен Ма­реч­ка көшелерінің қилысындағы бағдаршамға Land Cruiser Prado көлігінің тоқтағаны сол еді, жаны­на келіп аялдаған қара түсті ВМW-ның терезесінен оқ атылды. Еш алаңсыз отырған джиптің жүр­гізушісі, атақты кикбоксшы, аса ауыр салмақта әлем және Азия чемпионы атанған Асқар Коханов ауыр жарақат алып, дереу №7 клиникалық ауруханаға жеткізілді. 10 күн өткеннен соң ол ауру­ханада көз жұмды.

Ермек те ерте кетті

2009 жылдың 9 тамызында Шахтинскіде болған қанды оқиға да дәмханада шыққан даудан басталды. Достарына қолдау көрсету үшін Қарағандыдан аса дарынды боксшы, жастар ара­сындағы Азия­ның үш дүркін чем­пионы, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Ермек Серіков те барады. Шах­тинскі қаласына кіреберістегі жанар-жағармай құю бекетіне тоқтағанда, қарсыластары сол жер­ден күтіп алып, бірден оқ жау­дырады. Көп оқтың бірі Ермекке тиіп, боксшы ауруханаға жет­кізілгенімен, ертесіне көз жұмды. Ол небәрі 20 жаста болатын.

Баскетболшыны соққыға жыққан

2016 жылы болашағынан зор үміт күттірген спортшы Игорь Нанаев сол  жылдың қыркүйек айында «Барыс» баскетбол клубы­ның қатарына қосылған еді. Араға ай салып, қазанның 2-сінен 3-не қараған түні Игорьді Петро­павловск қаласында орналасқан «Парк Сити» түнгі клубының жа­нында біреулер соққыға жығып ке­теді. Жергілікті аурухананың жансақтау бөліміне аса ауыр жағдайда жеткізілген спортшы бір аптадан соң көз жұмды.

Жанжал кезінде жан тапсырды

Пауэрлифтингтен жасөспірім­дер арасындағы әлем чемпионы, әлемдік бәсекелердің жүлдегері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Евгений Галузинский 2017 жылы Көкшетауда колледж студенттері арасындағы жанжал кезінде көз жұмды. Ерегіс ба­ры­сын­да спортшы суық қарудан жа­ра­қат алып, сол жерде тіл тартпай кеткен. Бұл қылмыс бойынша 18 жастағы студент қана түрмеге қа­ма­лып, қалған қатысу­шылар жаза­дан босатылды.

Ұрылардың құрбаны болды

Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, әлем бірін­шілігінің күміс жүлдегері Денистің өлімі қазақ елін ғана емес, әлемдік мәнерлеп сырғанау спортын бір дүрліктірген оқиға болды. Алматы қаласында 2018 жылғы 19 шілдеде  өз көлігіне ұрлыққа түскен қос жігітті байқаған Денис олардың қылмысына кедергі келтіреді. Үшеуі­нің арасында жанжал болып, қаскөйлер спортшының аяғына пышақ сұғып, қашып кетеді. Дәрі­гер­лер көп қан жоғалтқан Тен­нің өмірі үшін күрескенімен, аман алып қала алмады. Осылайша, қазақ елі үздік спортшысынан айырылып қалды.

Курстасы пышақтаған

Теміртау қаласында самбодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы болған Қызмет Балта­бектің ғұмыры да ерте үзілді. Оны Қарағанды мемлекеттік индус­триал­дық университетінде бірге оқи­тын курстасы пышақтап кет­кен. Оқиға 2010 жылы Теміртау қаласындағы автотұрақтардың бірінде болған. Таңғы жаттығу кезінде сөзге келіп қалған күдікті көлігін тұраққа қойып шыққан жас спортшыға күтпеген жерден ша­буыл жасайды. Кейіннен ол марқұм­ның мүрдесін «Металлург» ста­дионы маңына тастап, ізін суытқан.

Түнгі төбелесте қайтыс болды

Атырауда  Дамбы ауылында болған түнгі төбелес кезінде грэп­плингтен Азия чемпионы Есенбек Сиғуатовқа оқ тиіп, қайтыс болды. 2020 жылдың 9 тамызында Дамбы­да оқ атылып, адам өлімі болғаны туралы хабар тез жет­кенімен, оқиғаның анық-қанығы жұртшы­лыққа жете қоймады. Спортшының мезгілсіз көз жұ­муына байланысты Атырау облысы спорт  қоғамының  марқұмның отбасына көңіл айт­қаны туралы жазба әлеуметтік же­ліге жүктел­геннен соң облыс халқы болашағы­нан үміт күткен жас спортшының қазасы туралы естіді. Түйін:

Бұл – қылмыскерлер қолынан қаза тапқан спорт саңлақтарының бір бөлігі ғана. Біз тек көпке та­ны­лып, әлемдік аренада қазақ елінің абыройын асқақтатқан спортшы­ларды жаздық. Кейбірінен нағыз шеберлігі мен тәжірибесі толысқан кезінде көз жазып қалдық. Енді бірін ағалық ақылын айтып, шәкірт тәр­биелер шағында жоғалттық. Бұл қаза­лардың қай-қайсысы да елдің қабырғасына қайыстай батты...

Абылайхан ЖҰМАШ