«Соңғы кезге шейін постсоветтік кеңістікте саясаткерлер мен партиялардың сайлауалды уәделеріне деген күдік басым болып келді. Бұл олқылықтың себептері бөлек әңгіме. Қалай болғанда да таяуда бізде өткен сайлаудан соң билеуші партия ұсынған бағдарлама нақты істерге ұласып отырғаны қуантарлық. Соның бір көрінісі - арнайы Жол картасының қабылдануы» деп жазды саясаттанушы.
Ол алдағы 5 жылда бір миллионға жуық отбасы тұрғын үймен қамтылатынын жеткізді.
«Оның үштен бірі әлеуметтік жеңілдіктермен беріледі. Халыққа арналған түрлі әлеуметтік төлемдердің индексациясына (құнын сақтауға) зор қаржы - 3 триллион теңге қарастырылған. Ел бойынша 800 жаңа мектеп салынып үш ауысымда білім беру сынды ескі келеңсіздік мүлде жойылар түрі бар. Мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысы, студенттердің стипендиясы бұрынғыдай 10-20 пайызға емес бірден екі-екі жарым есеге өседі. Елге қажетті мамандықтар бойынша жастар үшін колледжде оқу тегін болмақ. Осындай нақты, ал ең бастысы көзбен көріп қолмен ұстауға болатын шаралардың ұзын саны 362. Үлкен саясаттың беті бері қарап елдің игілігі жолындағы істеріне тек сәттілік» деп пікірін жазды.
Айта кетейік бүгін Мәжілісте Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын орындаудың Жол картасы талқыланды.
Nur Otan партиясы фракциясы ұйымдастырған басқосуда сайлауалды бағдарламаның төрт бағытын іске асыру бойынша 362 іс-шараны қамтитын Жол картасы жан-жақты таныстырылды.