Мансия Жақұпова ақпан айындағы зейнетақысын неге алмағанын сұрау үшін төлем орталығына барған. Сол кезде өзінің қайтыс болғандар тізіміне қате енгізілгенін білген. Енді өзінің тірі екенін дәлелдеуі керек. Ол өлім туралы куәлікті кім бергенін мүлдем білмейді. Зейнетақысынан айырылғандықтан, қарыздарын төлей алмай отыр екен.
«Банк – төлем орталығына, ал төлем орталығы – көші-қон қызметіне бару керек деп айтты», – дейді ол.
Әйел бұған дейін Казталов ауданында операциялық медбике болып жұмыс істеген. Зейнетке 1996 жылы шығыпты. Айтуынша, ол 1950 жылы Оралда туған.
– Зейнетке шыққаннан кейін біз қалаға көшіп келдік. 25 жыл бойы мен зейнетақы алдым. Аяқасты ақпан айында қайтыс болғандардың тізімінде болғандықтан, зейнетақысыз қалдым. Тірі адамды өлі деп тану ойға қонымсыз ғой! Бұл қалай болғаны? – деді Мәнсия Жақұпова.
Көші-қон қызметі тұрғындарды құжаттандыру және тіркеу мәліметтер базасына сәйкес қайтыс болу мәртебесі жоқ екенін және алдыңғы құжаттар бойынша Мансия Жақұповаға түзету үшін хат жіберілгенін хабарлады.