СҚО-да заңсыз саудамен айналысқан ауыл тұрғынынан 625 литр спирт тәркіленді
СҚО-да заңсыз саудамен айналысқан ауыл тұрғынынан 625 литр спирт тәркіленді
191
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз саудамен айналысқан ауыл тұрғынынан полицейлер 625 литр спиртті тәркіледі. СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Айыртау ауданы Саумалкөл ауылының 41 жастағы тұрғыны қолдан жасалған арақ саудасымен айналысқан. Еш жерде жұмыс істемейтін тұрғынның гаражын тексеру кезінде тәртіп сақшылары көлемі бес литрлік 125 ыдыс тапты. Олардың ішінде спиртке ұқсас сұйық болған. Өнім толық тәркіленіп, сараптамаға жіберілді. Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан ер адамға әкімшілік хаттама толтырылды. Мамандардың айтуынша, бұл дерек өңірде 9-12 ақпан аралығында өтіп жатқан «Тұрмыс» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында анықталған. «Арнайы құжаты жоқ алкогольдік өнім денсаулыққа қауіпті. Ал спирт ішімдігін жасырын сату, соның ішінде сағат 23.00-ден кейін саудалау – мас күйде жасалатын қылмыстарға әкелуі мүмкін»,–  дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов. Операцияның 3 күнінде СҚО полицейлері арақ-шарапты заңсыз сатуға қатысты 14 деректі анықтады.