Батыс Қазақстан облысында жүк пойызы 14 жылқыны қағып кетті,– деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР ІІМ көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, темір жол жолағында малын бос жібергені үшін 14 жылқының иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
11 ақпан күні Орал стансасындағы желілік полиция бөліміне диспетчерден «Сұлусай-Жаркий» стансасы маңында темір жол бойында жүрген 14 жылқыны қағып кетуіне байланысты машинист жүк пойызын кілт тоқтатқаны жөнінде хабар түскен. Барлық мал өлген. Пойыз 46 минут бойы тоқтап тұрған.
Ақсай қаласының тұрғынына ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 559-бабы 1-бөлігіне (темiржол арқылы ат-арба көлігімен (шаналармен) өту және жүк артылған, мініс малды және табынды айдап өту, темiржолдардың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзу) сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды.