Бала тәрбиесі – ауқымды тақырып. Әр ата-ананың өз үлгісі мен принциптері болады. Кейбірі бала бойындағы әлеуетті одан әрмен дамытуды көздесе, енді бірі байқау тұрмақ, енді-енді жана бастаған отты өз қолымен өшіріп алады. Мұндайда психологтар баланы жазамен тәрбиелеудің салдары ауыр екенін айтып дабыл қағады. Дегенмен «өз баламның сыры өзіме мәлім» дейтін кей ата-аналар таяқтағанда тұрған ештеңе жоқ деген пікірді ұстанады. «Бәріміз де таяқ жеп өскенбіз» деп тәрбие көргендердің ұрпағына да сол ұстанымды сіңіргені дұрыс па? Қазақы тәрбие мен заманауи түсініктерді бір арнаға бұрудың жолы қандай?
Балаларға қатысты «мектептегі буллинг» термині қозғала қалса да, пікірлер екіге айырылады. Бірі – әлгі «жүйені» даттаса, енді бірі жақтайды. Соның арқасында, мықты болып өседі-мыс. Жә, жат біреуден баласы зардап шексе, дереу директордың алдына жүгіретіндердің саны бәрібір көп. Ал енді өзінің әке-шешесінен таяқ жеген баланың халі қандай? Бұл – басқа мәселе. Әдетте, күйбең тіршіліктен шаршап, әлеуметтік жағдайдың қиындығынан ашуын кімнен аларын білмей, ақыры балаға қырғидай тиетіндер бар. Әрі бұл қылықты «енесі тепкен құлынның еті ауырмас» деп ақтауға тырысады. Байқасақ, бүгінде кез келген іске қатысты «атам қазақ айтпақшы» деп басталатын ақтау сөз айтуға болады. Бұған қатысты тренер Ескендір Бестай былай дейді. «Қазір мақал мен мәтелді ажырата алмайтын халге жеткендейміз. Яғни, тура әлде ауыспалы мағынада тұрғанына мән бермейтін сияқтымыз. Одан қала берді, ол мақалдың қай заманда айтылғаны да маңызды. Ал енді педагогикалық тұрғыдан айтқанда, бала үшін екі түрлі қауіп бар: психологиялық және физиологиялық. Мәселен, «Балаңды аясаң, аяма» дегені физиологиялық қауіп, яғни бір жерін ауыртып алуынан, құлап қалуынан қорықпауға қатысты айтылса керек. Бүгінде кей ата-аналар баласын инкубаторда өсіріп жатқандай шаң жуытпайды. Соның салдарынан бала ненің жаман, жақсы екенін ажырата алмайды. Ал психологиялық қысымның салдары өте ауыр. «Жігіт болсаң, жылама» деген де – үлкен қысым» дейді маман. Қазіргі заманауи тәрбие тәсілдерінің бірі – баланы еркін тәрбиелеу, шектемеу. Осылайша, оны барынша жетілдіруге болады дейді. Еркін тәрбиенің бір ұшы жазасыз өсіруге келіп тіреледі. Яки, мадақтаумен алмастыру. Мысал үшін бала тәрбиесі жөніндегі бестселлер саналатын Масару Ибуканың «Үш жастан кейін бәрі кеш» кітабынан мына үзіндіні келтірейік. «Ынталандыру немесе жазалау тәсілінің бірін таңдау керек болса, соңғысы өтімдірек көрінеді. Бірақ бұл ой дұрыс емес. Баланы жазалау қарама-қарсы реакция – ашық қарсылықты тудырады. Жалпы алғанда, мақтауды да, жазаны да абайлап қолдану керек. Мәселен, үстел үстіне шырын құйылған стақанды қойып жатқан ананы елестетіңіз. Анасының істегенін істегесі келетін бала соны қайталауға тырысады. Ал анасы болса, «Болмайды» деп шорт кесіп, төгіп алады деп қорқады. Бұл жөн емес. Осылай істеп алып, кейін көмектеспейтінін айтып шағымданатын болады. Сондықтан бала бірдеңе істеуге талпынса, сәл мадақтап жіберу керек. Осы маңызды. Әлбетте, кейде сәл дауыс көтеріп, мәжбүрлеу керек болады. Бірақ сөйте тұра қиын жағдайда балаға таңдау еркін беріп, не көндіруге тырысқан дұрыс. Айталық, әлі оқымаған газетіңізді бала жыртып жатса, қолынан жұлып алып, сілкігеннен гөрі ескі газетпен алмастырған жөн. Олай етпей, тартып алатын болсаңыз, оның іске деген құлшынысын сөндіріп, қызықтырған затынан айырған боласыз». Отбасылық коуч Асхат Әбжанов «баланы жазалауға бола ма?» деген сауалға былай дейді: «Егер сіз ашық-жарқын, тәуелсіз адам тәрбиелегіңіз келсе, тәрбиелеудің бір моделін таңдаңыз. Ал енді тұйық, өзіне сенімсіз болсын десеңіз, жазалаңыз. Мынадай қарапайым ереже бар: адам мейірімді болып өсуі үшін мейірім төгу керек. Тәрбиедегі агрессия агрессия тудырады. Егер балаға қысым көрсетіп, жазалайтын болсақ, зорлықшы қылып тәрбиелейміз. Өз басым қысым көрсетуге қарсымын. Мен өмірді сүйетін, әлемге мейіріммен қарайтын, бір-біріне қамқор болатын адам етіп тәрбиелегім келеді. Сондықтан ұрсып-ұрмас бұрын осы ережені еске алып көріңіз. Құлдық саналы бала қажет болса да, ерік өзіңізде. Ұрыңыз, әр әрекеті үшін жазалаңыз. Еркін болып өссін десеңіз, оған деген қарым-қатынасыңызды өзгертіңіз. Қателігінің бәрін жиып жатқан тәжірибе деп қабылдаңыз. Балалықпен жасағандарын өмірлік сабақ деп біліңіз. Бар болғаны осы». Әріптесінің бұл пікірімен балалар психологы, коуч Ұлдана Әділханқызы да келісіп отыр. «Көп ата-ата балаларына «ананы өйтпе, бүйтпе» деп тыйым салады. Оны бұзған балаға қол жұмсап, белдікпен сабайтындар бар. Баланы сабасаңыз, бойынан мынадай әдеттерді байқайтын боласыз: ол бала өтірік айта бастайды. Ондағысы – екінші рет таяқ жемеу үшін. Әрі балада психологиялық ауытқу болады. Ортасына ашыла алмайды, ойын ашық жеткізуден қысылады. Ашушаң, көп жағдайда бұзық болып өседі», – дейді Ұлдана Мұстафаева. Негізі, қазақ тәрбиесінің түбіне үңілетін болсақ, балаға қысым көрсету керек деген ұстанымды қолдады деу қате. Өйткені «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт. Бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» деген бар. Ханындай сыйлаудың астарында жазасыз тәрбиелеу, ұрып-соқпау, сөзі мен пікіріне құлақ асу жатса керек. «Бала өмірге келгеннен бастап санағанда алғашқы мың күні маңызды саналады. Ол дегеніміз шамамен үш жасқа жуық уақыт. Несімен ерекшеленеді? Педагогикада «сенситив кезең» деген ұғым бар. Яғни, бала әлемді танып жатқан кезі. Анасының исі, даусынан бастап, ыстық-суық, биік-аласа дегенді білетін уақытын айтады. Кейінгі өмірімізде дәл мұншалықты сенситив кезеңді бастан өткізбейміз. Алғашқы мың күнде не білдік, не естідік – бәрі қатты әсер етеді. Осы кезең ананың кезекшілігі кезіне сәйкес келеді екен. Сондықтан да болар, бала тәрбиесінде ананың рөлі көбірек айтылатыны», – дейді Ескендір Бестай бала үшін маңызды кезеңді айта отырып. Расында, баланы тұлға етіп тәрбиелеу үшін соған тер төгу керек. Бейжай қарау – оған залал келтірумен тең. Себебі әу баста гүл өсіріп, ағаш егуді ойға алған адам оның жемісін көріп, саясында демалуды ойламастан бұрын су құйып, өсіру жауапкершілігін мойнына алып жатқанын анық ұғынуға тиіс. Бала да сондай. Ендеше, хош иісі күллі әлемге таралатын, саналы ұрпақ тәрбиелеуді қалаған адам алдымен өзі қадам жасаса керек.Жадыра АҚҚАЙЫР