Тәрбие құралы таяқ па?
Тәрбие құралы таяқ па?
197
оқылды

Бала тәрбиесі – ауқымды тақырып. Әр ата-ананың өз үлгісі мен прин­циптері болады. Кейбірі бала бойындағы әлеуетті одан әрмен дамытуды көз­десе, енді бірі байқау тұрмақ, енді-енді жана бастаған отты өз қолы­мен өшіріп алады. Мұндайда пси­хологтар баланы жазамен тәрбиелеудің салдары ауыр еке­нін айтып дабыл қағады. Дегенмен «өз баламның сыры өзі­ме мәлім» дейтін кей ата-аналар таяқтағанда тұрған ештеңе жоқ деген пікір­ді ұстанады. «Бәріміз де таяқ жеп өскенбіз» деп тәр­бие көргендердің ұрпағына да сол ұстанымды сіңіргені дұрыс па? Қазақы тәрбие мен за­манауи түсініктерді бір арнаға бұрудың жолы қандай?

Балаларға қатысты «мектептегі бул­линг» термині қозғала қалса да, пікірлер екіге айырылады. Бірі – әлгі «жүйені» даттаса, енді бірі жақтайды. Соның арқасында, мықты болып өседі-мыс. Жә, жат біреуден баласы зардап шексе, дереу директордың алдына жүгіретін­дердің саны бәрібір көп. Ал енді өзінің әке-шешесінен таяқ жеген баланың халі қандай? Бұл – басқа мәселе. Әдет­те, күйбең тіршіліктен шаршап, әлеу­мет­тік жағдайдың қиындығынан ашуын кімнен аларын білмей, ақыры бала­ға қырғидай тиетіндер бар. Әрі бұл қылықты «енесі тепкен құлынның еті ауырмас» деп ақтауға тырысады. Байқасақ, бүгінде кез келген іске қа­тысты «атам қазақ айтпақшы» деп басталатын ақтау сөз айтуға болады. Бұ­ған қатысты тренер Ескендір Бестай былай дейді. «Қазір мақал мен мәтелді ажырата алмайтын халге жет­кен­дейміз. Яғни, тура әлде ауыспалы мағынада тұрғанына мән бермейтін сияқтымыз. Одан қала берді, ол мақал­дың қай заманда айтылғаны да маңыз­ды. Ал енді педагогикалық тұрғыдан айтқанда, бала үшін екі түрлі қауіп бар: психологиялық және физиологиялық. Мәселен, «Ба­лаңды аясаң, аяма» дегені физио­логиялық қауіп, яғни бір жерін ауыртып алуынан, құлап қалуынан қорықпауға қатысты айтылса керек. Бүгінде кей ата-аналар баласын инку­батор­да өсіріп жатқандай шаң жуытпай­ды. Соның салдарынан бала ненің жаман, жақсы екенін ажырата алмайды. Ал пси­хологиялық қысымның салдары өте ауыр. «Жігіт болсаң, жыла­ма» деген де – үлкен қысым» дейді ма­ман. Қазіргі заманауи тәрбие тәсілдерінің бірі – баланы еркін тәрбиелеу, шекте­меу. Осылайша, оны барынша жетіл­діру­ге болады дейді. Еркін тәрбиенің бір ұшы жазасыз өсіруге келіп тіреледі. Яки, мадақтаумен алмастыру. Мысал үшін бала тәрбиесі жөніндегі бестселлер саналатын Масару Ибуканың «Үш жастан кейін бәрі кеш» кітабынан мына үзіндіні келтірейік. «Ынталандыру немесе жазалау тәсілінің бірін таңдау керек болса, соңғысы өтімдірек көрін­еді. Бірақ бұл ой дұрыс емес. Баланы жазалау қарама-қарсы реак­ция – ашық қарсылықты тудырады. Жал­пы алғанда, мақтауды да, жазаны да абайлап қолдану керек. Мәселен, үс­тел үстіне шырын құйылған стақанды қойып жатқан ананы елестетіңіз. Ана­сының істегенін істегесі келетін бала соны қайталауға тырысады. Ал анасы болса, «Болмайды» деп шорт кесіп, тө­гіп алады деп қорқады. Бұл жөн емес. Осылай істеп алып, кейін көмектеспей­тінін айтып шағымданатын болады. Сон­дықтан бала бірдеңе істеуге тал­пынса, сәл мадақтап жіберу керек. Осы маңызды. Әлбетте, кейде сәл дауыс кө­те­ріп, мәжбүрлеу керек болады. Бі­рақ сөйте тұра қиын жағдайда балаға таң­дау еркін беріп, не көндіруге тырыс­қан дұрыс. Айталық, әлі оқымаған газетіңізді бала жыртып жатса, қолынан жұлып алып, сілкігеннен гөрі ескі газет­пен алмастырған жөн. Олай етпей, тар­тып алатын болсаңыз, оның іске де­ген құлшынысын сөндіріп, қызық­тырған затынан айырған боласыз». Отбасылық коуч Асхат Әбжанов «ба­л­а­ны жазалауға бола ма?» деген са­уал­ға былай дейді: «Егер сіз ашық-жар­қын, тәуелсіз адам тәрбиелегіңіз келсе, тәрбиелеудің бір моделін таңдаңыз. Ал ен­ді тұйық, өзіне сенімсіз болсын десеңіз, жазалаңыз. Мынадай қара­пайым ереже бар: адам мейірімді болып өсуі үшін мейірім төгу керек. Тәрбиедегі агрессия агрессия тудырады. Егер бала­ға қысым көрсетіп, жазалайтын болсақ, зорлықшы қылып тәрбиелейміз. Өз ба­сым қысым көрсетуге қарсымын. Мен өмірді сүйетін, әлемге мейіріммен қарайтын, бір-біріне қамқор болатын адам етіп тәрбиелегім келеді. Сондық­тан ұрсып-ұрмас бұрын осы ережені еске алып көріңіз. Құлдық саналы бала қажет болса да, ерік өзіңізде. Ұрыңыз, әр әрекеті үшін жазалаңыз. Еркін болып өссін десеңіз, оған деген қарым-қатынасыңызды өзгертіңіз. Қателігінің бәрін жиып жатқан тәжірибе деп қабыл­даңыз. Балалықпен жасаған­дарын өмірлік сабақ деп біліңіз. Бар болғаны осы». Әріптесінің бұл пікірімен балалар психологы, коуч Ұлдана Әділханқызы да келісіп отыр. «Көп ата-ата бала­ларына «ананы өйтпе, бүйтпе» деп ты­йым салады. Оны бұзған балаға қол жұм­сап, белдікпен сабайтындар бар. Баланы сабасаңыз, бойынан мынадай әдеттерді байқайтын боласыз: ол бала өтірік айта бастайды. Ондағысы – екінші рет таяқ жемеу үшін. Әрі балада психологиялық ауытқу болады. Орта­сы­на ашыла алмайды, ойын ашық жеткізу­ден қысылады. Ашушаң, көп жағдайда бұзық болып өседі», – дейді Ұлдана Мұстафаева. Негізі, қазақ тәрбиесінің түбіне үңілетін болсақ, балаға қысым көрсету керек деген ұстанымды қолдады деу қате. Өйткені «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт. Бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» деген бар. Ханындай сыйлаудың астарында жаза­сыз тәрбиелеу, ұрып-соқпау, сөзі мен пікіріне құлақ асу жатса керек. «Бала өмірге келгеннен бастап санағанда ал­ғашқы мың күні маңызды саналады. Ол дегеніміз шамамен үш жасқа жуық уақыт. Несімен ерекшеленеді? Педа­гогикада «сенситив кезең» деген ұғым бар. Яғни, бала әлемді танып жатқан кезі. Анасының исі, даусынан бастап, ыстық-суық, биік-аласа дегенді біле­тін уақытын айтады. Кейінгі өміріміз­де дәл мұншалықты сенситив кезеңді бастан өткізбейміз. Алғашқы мың күнде не білдік, не естідік – бәрі қатты әсер етеді. Осы кезең ананың кезек­шілігі кезіне сәйкес келеді екен. Сон­д­­ықтан да болар, бала тәрбиесінде ана­ның рөлі көбірек айтылатыны», – дей­ді Ескендір Бестай бала үшін ма­ңызды кезеңді айта отырып. Расында, баланы тұлға етіп тәрбие­леу үшін соған тер төгу керек. Бейжай қарау – оған залал келтірумен тең. Себебі әу баста гүл өсіріп, ағаш егуді ойға алған адам оның жемісін көріп, саясында демалуды ойламастан бұрын су құйып, өсіру жауапкершілігін мойнына алып жатқанын анық ұғынуға тиіс. Бала да сондай. Ендеше, хош иісі күллі әлемге таралатын, саналы ұрпақ тәрбиелеуді қалаған адам алдымен өзі қадам жасаса керек.

Жадыра АҚҚАЙЫР