ЖОО саны қысқармақ
ЖОО саны қысқармақ
277
оқылды

1,4 миллиардқа жуық адам тұра­тын Үндістанда – 221, 68 мил­лион халқы бар Ұлы­британия­да –139, жұртшылығы 65 мил­лион Францияда – 116, Сингапур­де 4 университет қана бар. Ал бар-жоғы 18,8 миллион қазақстандыққа 129 жоғары оқу орны қызмет етеді. Ен­деше қазақстандықтар әлемдегі ең білімді ұлтқа айналуы тиіс еді. Айналмады. Қайта білім саласы жыл өткен сайын кері кетуде. Биыл сала­да жаппай қысқарту науқаны бас­тала­тынға ұқсайды.

Президенттің тапсырмасына сәй­кес, Үкі­мет сапасыз білім бере­тін жоғары оқу орын­дарын қысқар­ту жұмысын жүргізіп жатыр. Алай­да кейбір ЖОО-лар БҒМ-мен сот­та­сып, жабу процесін созып келеді. Мысалы, 1,5 жыл­дан бері осылай алысып жатқандар бар. Биыл­ғы 26 қаңтарда, Үкіметтің кеңейтілген оты­рысын­да Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев олар­дың Білім және ғылым министрлігіне қарсы ақ­параттық шабуыл ұйымдастырып жатқанын білдірді. Жабылатындардың көбі – өңір­лер­дегі университеттер. Осы­ған орай, сарапшы­лар­дың бай­ламы­нша, бұл ауыл-аймақтағы шет­елге кететін дарынды жастар­дың ар­туы­на, білім берудегі орта­лық пен аймақтар ара­сындағы тең­сіздік пен алшақтықтың ұлғаю­ына әкеліп соқтыруы мүмкін. Қа­зірдің өзінде өңірлерден 100 мың­нан аса жас жат жұртқа кетіп, со­лардың ғылым ор­даларында білім­мен сусындап жатыр. БҒМ Нұр-Сұлтан мен Алматы­дан басқа 15 өңірде 15 базалық ЖОО-ның дамуына ғана басымдық беретінін жариялады. Олар талант­тарды тартудың өңірлік орталық­тарына айна­луы тиіс. Осы мақсатта олар түбегейлі модер­низациялаудан өтеді. Президент Үкіметке өңірлік әкімдер­мен бірлесіп, 1 шілдеге дейін егжей-тег­жейлі жол картасын әзірлеп, енгізуді жүк­теді. Ол құжат­та 15 өңірлік университетті дамыту­дың тәсіл-көзқарастары, кезеңдері және қаржыландыру көлемі нақты көрсетілмек.

Таңдаулы 15-кеқандай ЖОО кірмек?

Білім және ғылым министрі Асхат Ай­мағамбетов бұл сұраққа дәл жауап бермеді. Тек аймақтық жоғары оқу орындары нақты кри­терий­лер бойынша іріктелетінін айтты. Демек, алда мүдделер қақ­тығысы және лоббистер шайқасы жаңадан күш алатын секілді. – Қазақстанда енді 15 аймақтық жо­ғары оқу орны ғана дамытылады. Оларды нақты критерийлер бойынша іріктеп аламыз. Аталған ЖОО-лар дарынды жас­тарды жинайтын өңір­лік орталықтарға айналмақ. Осы универ­ситеттер арқылы өңірлердегі білім сапасын арттыру үшін нысаналы қаржы бөлеміз. Оларды жаңа зертханалармен жабдықтаймыз, – деді министр. Ол сапасыз жоғары оқу орындарын жабу бойынша жұмыс жаңа қарқын ала­тынын растады. БҒМ басшысының мә­ліметінше, жоғары білім беру жүйесінде академиялық адалдықты бұзған және сыбайлас жем­қорлық белең алған университеттер жаза­ланады. Қандай университеттердің жабылуы мүм­кін екенін де ведомство атамай отыр. Бірақ БҒМ жоғары оқу орын­дарының 2020 жылғы антирейтингін жа­рия­лады. Осы бағыттағы зерттеу жұмыс­тарын Білім және ғылым ми­нистрлігінің тапсырысы бойынша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізіпті. Палата жұмыс берушілердің пікірін ескерген. Рейтингке тек ІІМ, ҰҚК және Қорғаныс министрлігіне бағынышты ЖОО-лар кірмеді. «Рейтингті жасау барысында түлек­тердің жұмысқа орналасу көрсеткіштері, ЖОО-ның білім беру бағдарламаларының сапасы және білім алушылардың жетістіктері ескерілді. Зерттеу нәтижелері бойынша 2020 жылы түлектерді жұмысқа орналастырудың орташа көрсеткіші өткен жылдар деңгейінде қалып отыр, 71% болды. Мамандандырылған агенттіктерде білім беру бағдарламаларының тек 73%-ы аккредиттелген. Оқытушылардың 72%-ы ғана практикалық тәжірибеге ие. Сондай-ақ небәрі 36 ЖОО өз студенттерінің стартап-жобаларын іске асырады», – деді БҒМ. Сонымен, жұмыс берушілердің пікірі бо­йынша 2020 жылдың аутсайдерлері қатарында «Сырдария» университеті, Шымкент универ­ситеті, Халықаралық гуманитарлық-техни­калық университеті, «Астана»  университеті, Тараз инновациялық-гуманитарлық универ­ситеті, академик А.Қуатбеков атындағы Ха­лық­тар достығы университеті, Шет тілдер және іскерлік карьера университеті, Қазақ-Орыс халықаралық универ­ситеті, Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университе­ті, «Ақ­мешіт» гуманитарлық-техни­калық инс­ти­туты бар. – Айта кетер жайт, «Сырдария» уни­вер­ситеті, Шымкент университеті, Халық­аралық гуманитарлық-техникалық универ­ситеті және «Астана» университеті 3-жыл қатарынан аутсайдерлер сапында. Бұл рейтингтің нәтижелері мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу кезінде ескеріледі. 2020 жылы алғаш рет мемлекеттік тапсырыс 36 жоғары оқу орнында орналастырылған жоқ! – деп мәлім етті министрліктің Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Кө­бенова.

Оқытушылар сапы сапалы ма?

Ресми статистикаға жүгінсек, 2020/2021 оқу жылында Қазақстанда филиалдарын қоса есептегенде, барлығы 129 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Соның ішінде 33-і мемлекеттік ЖОО саналады. Тағы 92-сі – жекеменшік. 4-еуі – шетелдік университет. Бүгінде елімізде 576 557 студент білім алады. Оның 53,2%-ы немесе 306 799-ы – қыз­дар. Бұл азайғаны: 2011 жылы олардың үлесі 60 пайыздан асатын. Қазір қыздар да шетелде оқуды көп таңдай бастаған. Айта кету керек, студенттер саны жыл өткен сайын азайып барады: биыл 2019/2020 оқу жылына қарағанда 4,6%-ға төмен. Биылғы оқу жылында 152 789 жас жоғары оқу орындарына түсті. Сонымен бірге 115 186 студент оқуынан қуылды. Олардың көбі – 19,6 пайызы оқу ақысын төлей алмаған. 6,9 пайызы ғана үлгерімі нашар болғандықтан, студент мәртебесін жоғалтқан. Басқа себептер ара­сында «өз еркі бойынша», «денсаулық жағ­дайына байланысты», «оқу тәртібін, ЖОО жарғысы мен ішкі тәртібін бұзғаны үшін», «өзге де себептер» көрсетілген. 0,6 пайызы әскер қатарына шақырылған. Осы тұста, мына жайтқа назар аудара кеткен абзал: 196 84 студент қана мемле­кеттік білім беру гранты есебінен оқып жатыр. Бұл барлық шәкірттің 34%-ы ғана. Қалған 66%-ы немесе 380 473 студент ақылы негізде жоғары білім алуға мәжбүр. Осыдан кейін жастарымыз арзандау немесе тегін білім алу үшін шетелдерге кетпегенде қайтеді?! Мемлекеттік тілде білім алатын сту­денттер үлесі 2011 жылғы 51%-дан биыл 64,9%-ға өсті. 29,6%-ы орыс, 5,5%-ы ағыл­шын тілінде оқып жатыр. Профессорлық-оқытушылық құрам­ның тапшылығы байқалады. Елімізде 36 307 оқытушы бар, соның ішінде 6 137 про­фессор әртүрлі ғылым ордасында лауазым­дарды қоса атқарады. Профессорлық-оқытушылық құрам­ның бар-жоғы 8,1%-ы докторлық ғылыми атаққа ие. Басым көпшілігі – 31,7%-ы ғылым кан­дидаты. 6,3%-ының профессор, ал 14,7%-ының доцент атағы бар.

Ресей ЖОО-лары басынып алды

Оқытушы, білім саласын дамытушы кә­сіпкер Сергей Казин тағы бір түйткілге назар аудартады. Оның айтуынша, 90-жылдардың екінші жартысынан бастап елімізде, әсіресе солтүстік өңірлерде Ре­сейдің жоғары оқу орын­дары заңсыз филиалын ашып алды. Бұ­рын­ғы білім министрлері олардың кейбірімен соттасты да. Нәтиже шамалы. «Бұл құрылымдар елімізде өзін ашық­тан ашық жарнамалап, қазақстандық жас­тарды «сапалы жоғары білім алуға және ешқайда бармай-ақ, Қазақстанда ресейлік дипломға қол жеткізуге» үгіттейді. Олар ақылы бөлімге студенттерімізді қабылдау арқылы отандық білім нарығында заңсыз пайда тауып отыр. Бұл мәселе 2000 жылдары елімізде ҰБТ енгізілген­нен кейін күшейіп, өзекті бола түсті. Өйткені ресейлік фи­лиалсымақтар ҰБТ-да нашар нәтижеге қол жеткізген, яғни республикамызда жоғары білім алу мүмкіндігінен айырылған қазақ­стандық түлектерді қабылдай береді», – дейді педагог. Оның айтуынша, мәселе ушығып бара­ды: ресейлік ЖОО-лар енді арзан бағаға қашықтан білім алуды ұсынып жатыр. Яғни, отан­дық ЖОО-ларға адал емес бәсекелестік орнатып жатыр. «Студенттер оларда қашықтан оқы­ғанына қарамастан, дипломына сырттай оқығаны жазылады екен. Осылардың бірі – Мәскеудің Заманауи гуманитарлық академиясы (СГА немесе Современная гуманитарная академия) Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Петропавл, Атырау және басқа да қалаларымызда белсенді жұмыс істейді. Оның әртүрлі жергілікті құрылымы мен өкілдігі бар. «В контакте» және басқа да желілерде «Образование» деген жерде қазақ­стандықтардың СГА филиалы деп жаза­тынын байқап жүрміз. Араларында оны 1998 жылдан бастап 2020 жылға дейін бітіргендері кездеседі», – дейді С.Казин. Қолданыстағы «Білім туралы» заңына сәйкес, Қазақстан аумағында жұмыс істей­тін шетелдік оқу орындары ел заңнамасына сәйкес әділет органдарында тіркелуі, БҒМ аттестациясынан өтуі тиіс. Сондай-ақ салық және басқа да төлемдерді аударуға міндетті. Мәселен, 2019 жылдың соңында сот Челябі мем­ле­кеттік университетінің фи­лиалы Қос­танай­да заңсыз жұмыс істеді деп танып, тыйым салды. Ұқсас істерді қарау сотта ұзақ жылға созылатындықтан, отандық ЖОО-лармен алысып жатқан БҒМ бұл жаққа мойын бұра бермейді. Қалай болғанда да, жоғары білім саласы былыққа бөгіп жатыр. Саланы  былықтан арылту бір емес, бірнеше министрге жүк болатын сияқты.

Айхан ШӘРІП