Батпаққа батқан жұрттың базынасы
Батпаққа батқан  жұрттың базынасы
470
оқылды

Қызылорда қаласы Шәкір Тәжібаев атындағы көше тұрғындары ұзақ жылдан бері жолдың жөндеу көрмегеніне на­ра­зы. Мұндағы жұрт күн жылыса болды, ми батпақтан көз ашпайтынын айтады.

Бұл көше қала орталығында болғанымен, мұнда жаяу адам тұрмақ, көліктің де қатынауы мұң болып тұр. Бір күн жауған жаңбыр мен ері­ген қардың зардабын жылда татып жүрген тұр­ғындар осы мәселені көтеріп қақпаған есігі, бармаған жері қалмаған. Алайда «баяғы жартас, сол жартас» күйінде қолып отыр. «Осы көшеге 1994 жылы көшіп келдім. Содан бері көше азабын татып келеміз. Көшені қа­зып, табиғи газ құрылысын жүргізді. Бірақ оны бізге қоспады. Кейіннен өзіміз ақша жи­нап, газ құбырын тартқыздық. Оны 2006 жылы қо­сып берді. Кезінде ауызсуды да көшеге өзіміз әкел­дік. Қолдан келгенін өз күшімізбен ұйым­дасып, жасадық. Енді асфальт төсеу, кана­ли­за­ция тарту қолымыздан келмейді. Әу баста осы көшені абаттандырамыз деп уәдені үйіп-төкті. Бі­рақ орындалмады. Тұрғындардың көбі зей­нет жасындағы қарт кісілер болғандықтан, жү­ріп-тұруы қиын. Қашан жер кепкенше көше батпақтан көз ашпайды. Мұндайда батпаққа батамыз деп такси келмейді. Тіпті, қаланың ортасында тұрамыз деп айтуға ұяласың. Бұл кө­шеде бар-жоғы 10-12 үй орналасқан. Қы­зыл­орда қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөліміне арыз жаздық. Былтыр қала әкімі Нұрлыбек Нә­лі­баевқа кіріп, мән-жайды түсіндірдім. Биыл­дан қалмай жөнделетінін айтып, қара­ма­ғындағыларға тапсырма берді. Одан бері бір жыл өтті, асфальт әлі жоқ», – дейді көше тұр­ғыны Мамрайхан Тұрсынқожаев. батпақ Бұл көшеде Ұлы Отан соғысының ардагері Шәкір Тәжібаев тұрған екен. Отты жылдарда қару асынып, Отанын жаудан азат еткен жауын­гер Ш.Тәжібаев майдан даласында Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова­ның рота командирі, гвардия капитаны бо­лыпты. Невель қаласының «құрметті азаматы» де­ген атағы тағы бар. Соғыстан келіп, ұзақ жыл­дар бойы басшылық қызметтер атқарған жауынгер Сыр елінің өркендеуіне сүбелі үлес қос­қаны тарихтан белгілі. Майдангер батыр ата­мыздың есімімен аталатын бұл көше айтар­лы­қ­тай ұзын емес, ені де шағын. Алайда тұр­ғын­дарының базынасы жылда ескерусіз қалады деп ашынған мүмкіндігі шектеулі жан Шолпан Мамыкова батпақ күні жедел жәрдем қыз­метінің келуі де қиын екенін алға тартады. «Өзім мүмкіндігі шектеулі жанмын. Мы­надай батпақта жедел жәрдем шақыру қиын. Емханаға баруға аяғым ауырады. Бұл жерде тұра­тындардың көбі мүгедек жандар мен зей­нет­керлер. Осы жолды жөндеп берсе дейміз», – деді 66 жастағы тұрғын. Олардың бұл мәселені көтеріп отырғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Тұрғындардың айтуынша, жаңбыр жауған кезде көшеден аяқ алып жүрудің өзі қиямет. Салдарынан көлік қатынасы қиындайтын көрінеді. Оның үстіне, көшедегі жарықтың жоқтығы да жағдайды қиындата түскен. Бұл жағдайдан қала әкімдігі де хабардар. Өткен жылы бірнеше көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, дәл осы орталықтағы көше тізімнен шет қалған. Ал мамандардың сөзінше, аталған жолды жөндеу жұмыстары биыл қайта қолға алынбақ. батпақ «Ш.Тәжібаев көшесіне өткен жылы жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, жол жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілді. Нәтижесінде, конкурсқа қатыспау салдарынан жеңімпаз анықталмады. Осы көшеде жол жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін биыл қайта тізімге енгізілетін болады», – дейді Қызылорда қаласының тұрғын үй-коммунал­дық шаруа­шылығы, жолаушылар көлігі, авто­мо­биль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бө­лімінің маманы Мереке Серікболқызы. Айта кетейік, Қызылорда қаласында өткен жылы республикалық және жергілікті бюджет есебінен 408 көшеге орташа және күрделі жөн­деу жұмыстары жүргізілген. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табары сөзсіз. Тұр­ғындар майдангер атындағы көше енді биыл жан­данады деген үмітте. Ал біз әзірге мұны уа­қыт еншісіне қалдырдық...

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ, Қызылорда облысы