Бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов коронавирусқа қарсы күрес жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысын өткізді, – деп хабарлайды Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жиын барысында полиция департаментінің бастығы, Әулиекөл мен Меңдіқара аудандарының әкімдері өңірдің эпидемиялық жағдайы туралы есеп берді. Сонымен қатар мониторингтік топтардың жұмысы қарастырылды.
Архимед Мұхамбетов 2021 жылғы 15 ақпаннан бастап карантин режимін жеңілдетуді ұсынды. Мемлекеттік бас санитар дәрігерінің шешімімен бірқатар жеңілдіктер енгізілді:
Аптаның барлық күнінде шаштараздар, сұлулық салондары, маникюр, педикюр, косметология салондарының жұмысына рұқсат етілді;
Жексенбіден басқа күндері сағат 10:00-ден 23:00-ге дейін сауда және ойын сауық орталықтарының, супермаркеттер, гипермаркеттер, ауданы 2000 шаршы метрден асатын азық-түлік емес дүкендердің жұмысына рұқсат етілді;
Қоғамдық тамақтану объектілеріне аптаның барлық күні сағат 7:00-ден 24:00-ге дейін жұмыс істеуіне рұқсат етілді. Алайда толымдылық 50 пайыздан, отыратын орын саны 30-дан аспауы керек;
Қалалық қоғамдық көліктің жұмысына аптаның барлық күніне уақыт шектеуінсіз рұқсат етілді;
Жабық спорт-сауықтыру және фитнес-орталықтарының жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Олар аптаның барлық күні 30 пайыз толымдықпен 7:00-ден 22:00-ге дейін жұмыс істейді;
Мәдениет объектілерінде 30 адамға дейін дайындық жасауға рұқсат етілді;
Театрлар, кинотеатрлардың жұмысына 20 пайыз толымдықпен рұқсат етілді;
Фудкордтар тек тапсырыс беру арқылы жұмыс істеуіне рұқсат етілді.