Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясына «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ төрағасы Данияр Есин келіп, бағдарлама шеңберіндегі әріптестік келісімдерін орнатып, ынтымақтастық жөніндегі меморандум жасалды. Меморандумның негізгі мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асу қарқынын жандандыру, аясын кеңейтіп, ұлттық құндылықтарымыздың дәріптелуіне үлес қосу.⠀
Аталған жиында қос мекеме қысқамерзімді және ұзақмерзімді тағылымдамалар, кәсіби (оқу-өндірістік, өндірістік, зерттеу, диплом алдындағы, педагогикалық) практикалар ұйымдастыру, оқу-әдістемелік жұмыс бойынша дәріс оқу, тәжірибе және ақпарат алмасу үшін тараптардың өкілдерін шақыру сынды көптеген ұсыныстарды талқыдан өткізіп, оларды бірлесе жүзеге асыруға уағдаласты. Сондай-ақ құрылған мақсат-міндеттердің ішінде ғылыми зерттеу, шығармашылық салалары да қамтылды. Оқу орнының рейтингін (QS, THE және т.б) жоғарылату жобасы да айтылды.
«Рухани жаңғырудың өзі ұлттық өнерден басталады. Осы тұрғыда мәдениет саласына қарасты білім ордаларының рөлі басым екенін атап өткен жөн. Тарихи болмысын тереңінен таныған, жаңа заман талаптарына сай, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру жолында күш біріктіріп отырмыз. Орнатылған келісімнің өнер мен руханият арасындағы байланысты биік деңгейге көтеруге ықпалы тиеріне сенеміз», – дейді академияның тәрбие ісі және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Шыңғыс Ергөбек.⠀
Іс-шара соңында меморандумға қол қойылып, алдағы уақытқа жоспар құрылды. Академияға іссапармен келген қонақтар «Кескіндеме, мүсін және дизайн» факультетінің әзірлеген көрмесін тамашалады.