Баланы ес-түссіз халге түсірген емхана жабылады – министрлік
Баланы ес-түссіз халге түсірген емхана жабылады – министрлік
5,098
оқылды

Елордада тісін емдеткен баланы ес-түссіз халге түсірген емхана жабылады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Лаура Ахметниязова айтты.

«Тексеру барысында дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды сақтау талаптарының бұзылғандығы анықталды. Атап айтқанда, дәрі-дәрмектерді сақтауға арналған қойма температураны, ауа ылғалдылығын бақылауға арналған жабдықтармен қамтамасыз етілмеген. Дәрі-дәрмектің кері әсеріне мониторинг жасау жөніндегі жауапты тұлға бекітілмеген. Аталған клиникада қолданылатын медициналық жабдықтарды тексеру туралы сертификат жоқ», – деді ол.

Ахметниязованың атап өтуінше, тексеру қорытындысы бойынша, анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы ұйғарым беріліп, материалдар Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментіне медициналық қызметкерлердің әрекеттеріне құқықтық баға беру үшін жөнелтілген.

«Біз сот органдарына аталған клиниканың жұмысын тоқтату туралы талап өтініш дайындап жатырмыз. Себебі мұндай жағдай 2018 жылдың қарашасында және 2019 жылдың мамырында осы клиникада анықталған еді. Сол кезде анестезиологиялық-реанимациялық көмек көрсету стандарттары сақталмағандығы, дәрігерлерде сертификаттың жоқтығы анықталған болатын. Осыған орай бұзушылықтардың жүйелілігін ескере келе сот органдарына аталған клиниканың қызметін тоқтату туралы материал дайындаймыз», – деді Л.Ахметниязова.