Әлеуметтік желіде жол жиегінде аударылып жатқан шағын автобустың фотосы мен видеосы тарап жатыр. Ақпаратқа сүйенсек, аударылған шағын автобус ішінде 20-ға жуық дәрігер болған.
Жол апаты туралы мәлімет Instagram желісіндегі kris_p_issyk парақшасында пайда болды.
Алматы облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратынша, бүгін таңертең Еңбекшіқазақ аудандық полиция бөліміне "Талғар-Есік-Бәйдібек би" тас жолында жол апаты болғаны туралы хабар түскен.
"Оқиға орнына барған тергеу-жедел тобы алдын ала Mercedes-Benz Sprinter көлігінің 41 жастағы жүргізушісі шығыс бағытта, 73 шақырымда, Сатай ауылына жақын жерде, көктайғақ және тұман жағдайында рөлді басқара алмай, аударылуға жол бергенін анықтады. 14 адам, соның ішінде екеуі әртүрлі жарақаттармен Есік қаласының аруханасына жеткізілді", – дейді департамент.
Департамент аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 345 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, тиісті сараптамалар тағайындалғанын айтты.
https://youtu.be/bf_otyQaZxg