Қазақстанда тағы бір оқу орны лицензиясынан айырылды
Қазақстанда тағы бір оқу орны лицензиясынан айырылды
98
оқылды

Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі хабарлады. Министрліктің мәліметінше, сапасыз білім беретін жоғары оқу орындарының санын қысқарту, барлық тексеру қатаң түрде қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.

Талаптар бойынша жоғары оқу орындары анықталған кемшіліктерді жоюы тиіс.

«Былтыр Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің білім беру қызметіне тексеру жүргізіп, нәтижесінде өрескел кемшіліктер анықталды. Атап айтсақ, жоғары оқу орнындағы бакалавриат, магистратура, докторантура, резидентура бағдарламасы бойынша оқу үрдісі қажетті профессорлық-оқытушылық құраммен және тиісті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілмеген. Өзге де маңызды көрсеткіштер белгіленген ең төменгі нормаларға сәйкес келмейді»,– делінген хабарламада.

Былтыр шілде айындағы тексеріс нәтижесі бойынша аталған университет лицензиясының күшін тоқтатып, анықталған кемшіліктерді жоюға уақыт берген. Бірақ қайта тексеріс жүргізу кезінде Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті комитеттің талабын орындамағаны және заңнаманы өрескел бұза отырып, жұмысын жалғастырғаны белгілі болды.

«Болашақ дәрігерлерге сапалы білім беру – адамдардың өмірі мен денсаулығының кепілі. Осы орайда біз сотқа жүгінуге мәжбүр болдық. Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетін жабу мәселесін сот та, Білім және ғылым министрлігінің комитеті де қарады. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысына сәйкес, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Одан бөлек, ЖОО-ға айыппұл салынып, бас лицензиядан айыру туралы шешім шығарылды», – деді Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті Алматыдағы дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру ұйымының базасында 2015 жылы құрылған. Оқу орнында 3 мыңнан астам студент оқиды.

«Еліміз бойынша 14 жоғары оқу орны болашақ дәрігерлерді дайындайды, оның бесеуі Алматы қаласында орналасқан. ҚазМҮББУ-да оқыған студенттердің гранттары сақталады. Олар басқа жоғары оқу орындарына ауыстырылады. Оқу құны өзгермейді. Сондай-ақ оқытушыларды жұмысқа орналастыру мәселесі жеке қарастырылып жатыр», – деді Гүлзат Көбенова.

Бас лицензиядан айыру туралы сот шешімі 10 күнде заңды күшіне енеді.