Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен Сенаттың бюро отырысы болды. Онда депутаттар 2021 жылғы 18 ақпанда өтетін Сенаттың алдағы отырысының күн тәртібін талқылады.
Сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нормашығармашылықты жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарайды. Заң жобасы заңдардың сапасын арттыруға, норма шығару процесін цифрландыруға және оған жұртшылықты кеңінен тартуға бағытталған. Мәселен, заң жобаларын әзірлеудің барлық сатыларында сүйемелдеп отыратын «Е-заңнама» электрондық жүйесін енгізу жоспарланып отыр.
Сенаторлар отырыста сонымен қатар «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне уран өндіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да талқыға салатын болды. Осы құжатқа сәйкес жер қойнауын пайдаланушылар жобалау құжаттарын дайындау кезінде уран өндірудің зардаптарын жою жобасын да әзірлеуі тиіс. Одан басқа, уран кен орны қорлары көлемінің өсуі артқан жағдайда өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қаржы бөлуге де міндетті болады.
Сенаторлар осы сессияда өздерінің бастамасы бойынша әзірлеуді жоспарлаған 8 заң жобасын да талқылады. Отырыс барысында Мәжілістен келіп түскен бірқатар заң жобаларын тұрақты комитеттерге бөліп берді.