Түркістан облысының барлық аудан, қалаларында «Nur Otan» партиясы фракциясының депутаттары қоғамдық қабылдау өткізіп, халықтың үніне құлақ асуда. Сондай кездесудің бірі Қазығұрт ауданында өтті.
«Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдау бөлімінде аудандық мәслихат депутаты Бекболат Бердалыұлы тұрғындармен бетпе-бет жүздесті. Қабылдауға келген азаматтар өтініштері мен талап-тілектерін айтты. Шарбұлақ ауылының тұрғыны Ә.Қамбарбеков тәжік-ауған шекарасындағы соғысқа қатысқан батырлар ұмыт қалмаса, мектептерде іс-шаралар өтсе, соғысқа қатысқан батырларға билбордтар ілінсе деген өтінішін білдірді. Ал Қазығұрт ауылының тұрғыны Н.Мәліков әлеуметтік жағдайының төмендігіне байланысты коммуналдық шығындарын бөліп төлеу жөнінде өтініш айтты. Сонымен бірге Қазығұрт ауылының тұрғыны Ф.Ботантаева ақылы қоғамдық жұмысқа орналастыруға көмек сұраса, Г.Бегімқұлова әлеуметтік көмек берілсе деген ойын жеткізді. Қызылқия ауылының тұрғыны З.Битабарова отбасылық мәселе бойынша заңгерлік көмекке жүгінді. Қабылдауға келген азаматтардың өтінішінің бірқатары сол сәтте шешімін тапты. Шарбұлақ ауылының тұрғыны Ә.Қамбарбековтің өтініші бойынша аудандық ішкі саясат бөлімімен байланысып, алдағы уақытта билбордтар ілінетіні туралы шешім қабылданды. Қазығұрт ауылының тұрғыны Н.Мәліковтің өтініші бойынша депутат «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан өндірістік филиалы, Қазығұрт газ шаруашылығы бөлімімен сөйлесті. Нәтижесінде, коммуналдық қарызды бөліп төлеуге келісім алынды. Қазығұрт ауылының тұрғыны Ф.Ботантаеваның өтініші бойынша жергілікті атқарушы органдармен сөйлесіп, бос орындар болған жағдайда хабарласатыны айтылды. Қабылдауға келген Г.Бегімқұлованың өтініші қанағаттандырылды. Оған әлеуметтік көмек көрсетілді. Қызылқия ауылының тұрғыны З.Битабароваға «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында жан-жақты құқықтық көмек көрсетілді.Әбілмансұр ЖАСАН