Ресми дерек бойынша, елордада 57 мың бала балабақша кезегінде тұр. Кейінгі 10 жыл ішінде Нұр-Сұлтан қаласында 39 балабақша салынған. Оның 33-і бюджет есебінен, бесеуі демеушілер көмегімен, біреуі МЖС келісімімен бой көтерген. Ал 2020 жылы астанада 6 балабақша салу жоспарда болғанымен, тек біреуі салынған.
Елордадағы Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дулат Шоғанбайдың айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша келісімшарттарды жасау барысында міндетті төлем мерзімі 2018-2023 жылдары деп көрсетілген. Сондай-ақ мемлекеттік жекешелік-серіктестік жобаларының келісімшартына сәйкес, инвестициялық шығындардың өтемақысын төлеу балабақшалар пайдалануға берілгеннен кейін жүзеге асырылады. 2020 жылы 2018 жылы жоспарланған алты балабақшаның біреуінің ғана құрылысы аяқталды. Осыған байланысты ол ережеден «2018 және 2023 жылдары аралығы» деген сөзді алып тастау қажет екенін атап өтті.
Одан бөлек, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы аясында бой көтеруі тиіс 4 балабақша құрылысының басталмауына польшалық инвестордың өмірден өтуі себеп болуы мүмкін.
Мәселенің төркініне қарасақ, бұл болжам ғана. Яғни, Дулат Шоғанбайдың қолында осыған ұқсас мәлімет бар. Жалпы алғанда,
4 балабақша құрылысына халықаралық инвестор жауапты. Білім басқармасы болса, әкімдіктен рұқсат сұрап, Польшаға хабарласқысы келеді. Себебі арада 2 жыл өткен. Ал инвестордан ешқандай хабар жоқ. Бірде-бір кірпіш қаланбаған. Ал халықаралық инвестор 240 орындық 4 нысан салу керек екен. 2017 жылдан бері үш жыл уақыт өткен. Келісімшарт бойынша 2019 жылы құрылысы бітіп, пайдалануға берілуі тиіс еді.
Осы орайда қалалық мәслихаттың хатшысы Ерлан Каналимов аталған мәселені шешудің бірнеше жолын айтты.
Оның айтуынша, әкімдікте халықаралық бөлім бар. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы тағы бар. Олардың күші жетпей жатса, Сыртқы істер министрлігіне жүгіну керек. Солар арқылы тағы бір сұраныс жіберу қажет. Польшадағы елшілікке де мәселенің мән-жайын хабарлау керек. Ал егер инвестордың қайтыс болғаны анықталса, жобаны іске асыратын ізбасарлары қалмаса, жобаларды басқа инвесторларға беру керек.
Балабақша жайын жиі талқылағанымызбен, жағдай – осы. Жауаптылар 2-3 жыл бойы инвесторлардан хабар ала алмаған. Сонда бұл мәселе неге ертерек қозғалмаған? 2-3 жыл бойы құрылыс алаңына кірпіш қаланбағаны күмән тудырмаған ба?..