«Топырлатып қыз тудың» деп жазғыратын тума-туыс пен «Күйеуіме бір ұл сыйлай алмадым» деп өзін кінәлайтын әйелдер бар. Қазақы қоғамда ұрпақ жалғастырушы ұлдың орнын айқындап, әлдеқайда жоғары қоятын таптаурынды жоққа шығара алмаймыз. Бұл мәселенің ажырасуға басты себеп болу-болмауына қатысты нақты зерттеу жүргізілмеген. Әйтсе де, мұндай психологиялық қысымның шаңырақ шайқалтқан кезі аз емес.
Әлқисса, бір кісінің 8 қызы болыпты. Әу бастан ұл күткен олар қыздарының есімін Ұлбосын, Ұлжан, Ұлкеледі, Ұлкүтем, Ұлтусын, Ұлмүмкін, Ұлма, Ұлқайда деп қойыпты. Содан күндердің күнінде әйелі тағы бір рет құрсақ көтереді. Тоғызыншы қызы өмірге келгенін естіген әкесі атын Шаршадым деп қойыпты деседі. Расында, ұрпақ жалғастырушы бір ұл келсін деген ниетпен түбірін Ұлдан басталатын есім қоятын тренд бұрыннан бар. БҰҰ Қазақстандағы әлем халқы қоры (ЮНФПА) елімізде есімінің түбірі ұлдан басталатын әйелдерді санап шығыпты. 1905-2019 жылдар аралығында 75 400 қызға түбінде ұл қалаған ниеті бар есімдер қойылған. ЮНФПА зерттеуіне үңілсек, Ұлболсын аталған қыздардың 53,6 пайызы ауылда дүниеге келген екен. Жалпы, түбірі ұқсас мұндай есімнің 300-ге тарта вариациясы бар. Заманға қарай кей есімдер өздігімен шетке шығып қалады. Мысалы, бүгінде соңы «бай» деп аяқталатын аттар аз кездеседі. Ал Ұлболсынға ұқсас есімдер легі әлі өзекті. Бірақ бір байқағанымыз, әр он жыл сайын қыздарына түбірі ұлдан басталатын ат қоятындар біртіндеп азайып келеді. Мәселен, 1990-1999 жылдар аралығында 13 803 есім тіркелсе, 2010-2019 жылдарда 12 264-ке төмендеген. Ұлдан басталатын есімді қыздарына жиі қоятын оңтүстік өңірі екен. Соның ішінде Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары, Шымкент және Алматы қалаларында мұндай есімі бар қыздар көп. Үлес салмағы бүкіл республикаға шаққанда 69,6 пайыз болады. Батыс өңірде 16,3 пайыз, орталықта 8,4 пайыз екен. Ал мұндай есімді аз қоятын аймақтар – Солтүстік-Шығыс өңір. Мысалы, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстандағы түбірі ұлдан басталатын ныспысы бар қыздардың үлесі – 5,7 пайыз. Мұндай ырымның қырын кетуі де жиі кездеседі. Өйткені баланың жынысына оған дейінгі бауырының есіміне еш байланысты емес. Дегенмен әркімнің ішкі сенімі мен үмітіне тосқауыл болуға құқығымыз жоқ. Бірақ талқылауға тиіс тақырып – арада ұл болмауына байланысты ажырасу. Ресми түрде ажырасу себебі ретінде мұны айтуы екіталай. Нұр-Сұлтан қаласы Алматы аудандық сотының отбасы істері бойынша судьясы Айгүл Молдыбаева бұл себептің тіркелмегенін айтып отыр. «Отбасы сотына» ажырасуға бекінгендер келеді. Бүгінге дейін қыз туғаны үшін екіге кетуге шешім қабылдағандарды өз тәжірибемде кездестірмедім. Әйтсе де, бала тәрбиесіне қатысты келіспеушіліктер болатынын атап өту керек. Яғни, ерлі-зайыптылар арасында бала үшін ұрыс-керіс көбейіп, соңында ажырасып жатады», – дейді Молдыбаева. Бала тәрбиесіне қатысты келіспеушіліктердің ажырасуға себеп болуы Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде бар тенденция. Осы орайда The Economist зерттеуінің нәтижесіне көз салайық. Жақында жүргізілген зерттеу қорытындысы бойынша, қызы бар отбасылардың ажырасу жиілігі жоғарырақ екен. Бұған ұқсас зерттеу жұмысы сонау 80-жылдары жасалған екен. Бұл теорияны америкалық ғалымдар да растаған. Бірақ аздаған айырмашылық бар. Яғни, бұрын қызы бар жанұялардың жиірек ажырасуы мұрагердің болмауымен байланыстырылатын болса, қазіргі зерттеу нәтижесі – қыз тәрбиесіне байланысты келіспеушіліктерден. Соңғы қорытындыны жасаған – Мельбурн университетінен Ян Кабатек пен Джродия университетінен Дэвид Рибар. АҚШ пен Нидерландта зерттеу жүргізген олар баланың жынысын ғана емес, жасын да есепке алыпты. Ғалымдардың айтуынша, үйдің тұңғышы, қыз бала 12-ге таяған кезде түрлі дау-дамай туа бастайды екен. Себебі жасөспірім шақта олардың бойында көп өзгеріс байқалады. Соның ішінде, мінезінің құбылып, достары пайда болып, кейбірі жігітпен кездесе бастайды. Одан қала берді, киім киісі мен айналысатын ісіне қатысты да ата-аналар жиі сөзге келеді екен. Зерттеу барысында жасалған сауалнама нәтижесінде, әкелердің көпшілігіне жасөспірім қызының қылықтары жүйкеге тиетіні белгілі болған. Соның салдарынан анасында күйзеліс пайда болып, ажырасу туралы ойға ала бастайды. Бір қызығы, осы зерттеу барысында ғалымдар мынадай қызық дерекке тап болыпты. Әкесі бала кезінде әпкесімен қатар өссе, қызының қылықтарына түсіністікпен қарайды екен. Өйткені мінезінің құбылуы, өзгерістердің бәрін қызынан бұрын әпкесінің бойынан көріп өседі. Соған байланысты келіспеушілік те аз болады-мыс. Ал енді 80-жылдардағы зерттеудің қорытындысы қазір ортаазиялық отбасылардың біразына әлі де тән. Өйткені осы аймақ үшін ұлдың орны бөлек. Яғни, қайта-қайта қыз өмірге келе берсе, әйелді кінәлап қуып жіберу, болмаса оның өзі тарапынан осындай ұсыныс айтуы жиі кездеседі. Кейіпкеріміз Жанбота Әділбек (аты-жөні өзгертілді – авт.) өз еркімен күйеуімен ажырасқан. «Жолдасыммен 10 жыл отастық. Сол уақыт ішінде 2 қызымыз өмірге келді. Екеуінен кейін құрсақ көтера алмадым. Күйеуімнің туыстары тарапынан «бауырымыз бір ұлды бола алмады» деген сөзді көп естідім. Ал жолдасым болса, ондайға мән берген емес. «Құдай қаласа, ұл да болар. Болмаса, оған да тәубе» дейтін. Бірақ қанша тырысқанмен, құрсақ көтере алмағандықтан, күйеуіме кеш болмай тұрып, басқа әйел алуға кеңес бердім. Басында келіспегенімен, кейін ажырасуға шешім қабылдадық. Екінші рет үйленді. Ол некесінен екі ұл, бір қызы бар. Жалғызбасты ана болған оңай емес. Бірақ күйеуім көмектесіп тұрады. Қыздармен араласады. Бәлкім, ұлды болып, ұрпағының жалғасқаны да дұрыс болған шығар деп ойлаймын», – дейді ол. Ал Венера Құдіреттің (аты-жөні өзгертілді – авт.) төрт қызы бар. Бүгінде бесіншісіне жүкті. «Шыны керек, қанша жерден ұл не қыз болса да, дені сау болсын дегенімізбен, ұлды күтетініміз рас. Өз басыма еш қысым жасалған емес. Бір жағы «әлі жассыңдар, ұлды боласың» дегенді көп естимін. Жынысын білуге аз уақыт қалған сайын жүрегім жиірек соғып кетеді. Тағы да қыз болатын сияқты фобия қалыптасып қалған. Асылық айтқан болып қалмайық деп те қорқамыз. Әйтсе де, ұл болса деп тілеймін», – дейді Венера. Артынан ұл ермеді деп өзін кінәлі сезінетіндер бары рас. Әйтсе де, өмірге кімнің келуі тікелей әйелге байланысты болмайды. Тіпті, бүгінде «ұл жоспарлап беретін» түрлі күнтізбелер мен есептеу әдістері де шыққан. Алаяқтықпен айналысып, талай әйелдің ақшасын қалтасына басып жатқандар баршылық. Ислам діні келгенге дейінгі араб қоғамында қыз баласынан ұлды артық көретін, қызды болғанына күйінетіндер көп болған. Мұның асқынғаны сонша, арабтардың арасында дүниеге енді көзін ашқан қыз шарананы тірідей өлімге қиып көміп тастайтындары да кездесетін. Арабтардың аталмыш жиіркенішті әрекеттері Құран Кәрімнің бірнеше аяттарында сынға алынған. «Кейбіреулері қызды болғанын естігенде, ашудан жүздері түтігіп, түнеріп кететін. Бұндай «жаман» хабардың салдарынан ел көзінен тасаланады. Бұл қорлыққа шыдап, оны асырап-бағу керек пе, жоқ әлде топыраққа көміп тастаған дұрыс па? Қараңдаршы, берген үкімдері қандай жаман?!» делінген. Бүгінде үлкендерден «қызықты қыздан көрдік» дегенді де естіп жатамыз. Демек, баланың жынысы емес, оның тәрбиесі мен көргені әлдеқайда маңызды.Жадыра АҚҚАЙЫР