Таза суға көкшетаулықтар тек 2024 жылы жетуі мүмкін. Ал оған дейін крандағы кір суын ішуге пайдалана алмай отырған қала жұрты суды сатып ішуге мәжбүр. Су мәселесінің үш жылдан кейін ғана шешілетінін облыс әкімі Ермек Маржықпаев есептік кездесу барысында айтты.
Құбырлардың жартысынан астамының тозығы жетіп, су тазарту стансаларының қуаты жетпейтінін өңір басшысы мойындады. Су құбырлары мен желілерін жөндеу және жаңарту сонау 2009 жылы қолға алынған. Бірақ арты сиырқұйымшақтанып, соңында суды тазарту стансасының құрылысы аяқталмаған еді. 2013 жылы жоба мүлде тоқтап, сол күйі су аяғы құрдымда қалып қойған. Қазір қала жұртшылығының қолы жеткендері үйлеріне суға сүзгі орнатса, ал бірқатары суды қаланың әр жерінде орнатылған сүзгі аппаратынан немесе дүкендерден сатып алуға мәжбүр. Ал негізгі бөлігі колонкалар мен кезектен арылмайтын «Бармашино» бұлағын жағалайды. Тозығы жеткен су құбырларын жаңарту тек 2018 жылдан бастап қолға алынған. Жобаға түзетулер енгізіліп, қомақты қаражат бөлінді. Ал өткен жылы және биыл жалпы сомасы бір млрд теңгеге жуық бюджет қаржысы шығындалған. Бірақ суды тазартып, сапалы етуге біршама уақыт кетпек. Әкім осылай дейді. «2024 жыл – бұл енді шекті мерзім. Мәселе шешілуі тиіс. Әзірлікті бастап жібердік. Іргетасын қалап жатырмыз», – деді аймақ басшысы Ермек Маржықпаев. Естеріңізге сала кетсек, Көкшетаудағы су құбырларына жарты ғасырдан астам уақыт өткен. Олардың көпшілігі шіріп, таттанып кеткен. Осы уақыт ішінде құбырлар бірде-бір мәрте ауыстырылып жаңартылмапты. Тек су құбырларының сүзгіштері ауыстырылған. Қала пәтерлерінің крандарынан ішуге жарамсыз сарғыш су ағады. Оны техникалық мақсатта ғана пайдалануға жарамды. Әкім үш жылдан кейін көкшеліктер таза су ішетініне сендірді. Енді көкшеліктер үш жылдан кейін сапалы судан ауыз тимек. Оны да күтейік...Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы