Таза суды аңсаған көкшетаулықтар
Таза суды аңсаған көкшетаулықтар
187
оқылды

Таза суға көкшетаулықтар тек 2024 жылы жетуі мүмкін. Ал оған дейін крандағы кір суын ішуге пайдалана алмай отырған қала жұрты суды сатып ішуге мәжбүр. Су мәселесінің үш жылдан кейін ғана шешілетінін облыс әкімі Ермек Маржықпаев есептік кездесу барысында айтты.

Құбырлардың жартысынан астамы­ның тозығы жетіп, су та­зар­ту стансаларының қуаты жет­пейтінін өңір басшысы мойын­дады. Су құбырлары мен желілерін жөндеу және жаңарту сонау 2009 жылы қолға алынған. Бірақ арты сиырқұйымшақтанып,  соңында суды тазарту стансасының құ­рылысы аяқталмаған еді.  2013 жылы жоба мүлде тоқтап, сол күйі су аяғы құрдымда қалып қойған. Қа­зір қала жұртшылығының қолы жеткендері үйлеріне суға сүзгі ор­натса, ал бірқатары суды қаланың әр жерінде орнатылған сүзгі аппаратынан немесе дүкендерден са­тып алуға мәжбүр. Ал негізгі бө­лігі колонкалар мен кезектен арылмайтын «Бармашино» бұла­ғын жағалайды. Ермек Маржықпаев Тозығы жеткен су құбырларын жаңарту тек 2018 жылдан бастап қолға алынған. Жобаға түзетулер енгізіліп, қомақты қаражат бө­лінді. Ал өткен жылы және биыл жалпы сомасы бір млрд теңгеге жуық бюджет қаржысы шығын­далған. Бірақ суды тазартып, сапалы етуге біршама уақыт кет­пек. Әкім осылай дейді.  «2024  жыл – бұл енді шекті мерзім. Мә­селе шешілуі тиіс. Әзірлікті бастап жібердік. Іргетасын қалап жа­тырмыз», – деді аймақ басшысы Ермек Маржықпаев. Естеріңізге сала кетсек, Көк­шетаудағы су құбырларына жарты ғасырдан астам уақыт өткен. Олардың көпшілігі шіріп, тат­танып кеткен. Осы уақыт ішінде құбырлар бірде-бір мәрте ауыс­тырылып жаңартылмапты. Тек су құбырларының сүзгіштері ауыс­тырылған. Қала пәтерлерінің кран­дарынан ішуге жарамсыз сарғыш су ағады. Оны техникалық мақсатта ғана пайдалануға жа­рамды. Әкім үш жылдан кейін көк­шеліктер таза су ішетініне сен­дірді. Енді көкшеліктер үш жыл­дан кейін сапалы судан ауыз тимек. Оны да күтейік...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы