Түркістан төтенше жағдайға дайын ба?
Түркістан төтенше жағдайға дайын ба?
303
оқылды

«Апат айтып келмейді» демекші, өткен жылы Түркістан облысының бірқатар ауданында болған табиғи апаттардың ауыр тауқыметін бастан өткерген түркістандықтар биыл «сақтықта қорлық жоқ» дегендей, төтенше жағдайдың алдын алу шаралары бойынша жаттығулар мен дайындықты ерте бастап кетті. Төтенше жағдайдың алдын алу бойынша об­лыста антикризистік карта жасалды. Облыс әкімдігінде құ­рылған Ситуациялық орталық пен ТЖД бірлесе отырып жа­саған картаға сәйкес, облыс аумағында 200-ден аса болуы ық­тимал төтенше жағдай сипатталған.

Биыл оңтүстік өңірде жыл­дағыдан ерте басталған қыс мез­гілінде табиғат ара-тұра тосын мінез көрсетіп, қар едәуір қалың жауды. Тіпті, арасында жаңбыр жауған кездері де болды. Дегенмен қазір қыс айы аяқталмаса да, көк­тем мезгілі ерте басталардай жы­лым­­­ық бар. Көктем айларында өңір тұрғындарын әбігерге сала­тын төтеннен еріген қар мен қат­ты жауған нөсерден су алу сияқты табиғи апаттардың алдын алу шаралары мен дайындық жұмыс­тары бүгінде Түркістан облысында басталып кетті. Әйткенмен, тай­лы-тұяғымен қолдарына кетпен-күрек алып жүгіретіндей қауіп төндіріп тұрған жағдай жоқ. Десе де, мамандар «Қазір су деңгейі қалыпты болғанымен, ешкім су тасқыны болмайды деп айта ал­май­ды», – дейді. Отырар ауданына барған облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы ал­дымен Сырдария өзеніне жа­қын орналасқан су басу қаупі бар ауылдарға барды. Айталық, жыл сайын су басу қаупін бастан өтке­ретін Шеңгелді ауылының ірге­сіндегі  бөгетті (дамба) көрді. Сол жерде ауданда төтенше жағдайдың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы Отырар ауданының әкімі Ә. Жүнісов мә­лім­деді. Көктемгі уақыт­тағы төтенше жағдайлармен кү­рес­ке жалпы 83 техника, 466 жеке құрам және 12 қайық дайын. Атал­ған техникалар облыс басшы­лығына оқу-жаттығу шарасында көрсе­тілді. Шара барысында ма­мандар 7 ауданның техникасының қазіргі жағдайы, олардың техни­калық қабілеті ту­ралы баяндап, халықты эвакуация­лау жұмыстары мен малды көшіру жұмыстарын пы­сық­тады. Об­лыстық ТЖД бас­шысы Нұрғали Жүнісов:  – Егер қауіпті жағдай бола қалса, дабылқаққыштарымыз қо­сылады. Біз бірінші кезекте sms-хабарландыру жібереміз. Нақты қай елді мекен екені анықталып, жиналу орындарын белгілейміз. Соған көңіл бөліп, далаға шығып, полиция қызметкерлері көшелерді аралап, нұсқаулық береді. Соны орындаса, біз де қауіпсіз жерге шы­ғару жұмыстарын жүргіземіз, – деді. Жалпы, Сырдария өзенінің бойында орналасқан елді мекен­дер аумағында 32 014 бас ірі қара мал, 196 349 бас ұсақ мал, 2 134 бас түйе және 10 392 бас жылқы бар. Барлық ауылдағы ауыл шаруа­шылығы жануарлары су алу қаупі туындаған жағдайда  құмдағы 113,5 мың гектар жайылымға  кө­шіріледі. Түркістан «Апат айтып келмейді» деген облыс басшысы былтыр Мақта­арал ауданындағы апатты жою үшін қаншама материалдық шы­ғын болғанын, мыңнан астам үйді қайта тұрғызуға тура келгенін тіл­ге тиек етті. «Біз Арыс, Мақтаарал ау­данын­дағы техногендік, Төлеби ау­данындағы табиғи су тасқыны кезіндегі атқарылған жұмыстардан мол тәжірибе жинадық. Төтенше жағдайдың алдын алу үшін штаб құрылады. Штаб құрамына кіретін барлық салалық қызметтер «Ал­тын сағат» ережесіне сәйкес жұ­мыс жүргізуі қажет. Антикризистік карта шеңберінде төтенше жағ­даймен күрес алгоритмі бекітілген. Барлық аудан, қала әкімдері алго­ритммен жіті танысып, нұсқаулық арқылы жұмыс істеуі қажет», –деді облыс әкімі. Жалпы, өңірдегі 7 ауданда (Шар­дара, Арыс, Отырар, Кентау, Түркістан, Төлеби, Қазығұрт ау­дан­дары) әсіресе Сырдарияның бо­йындағы ауылдарға  қауіп бар екен. Қазір өңірдің антикризистік кар­тасының пилоттық жобасы іске қосылды. Ол облыстың 3 қа­ла­­сы мен 13 ауданы шеңберінде түрлі тәуекелді қамтиды, атап айтқанда (өрт қаупі, ықтимал су басу учаскелері, қауіпті аймақ­тардағы сел учаскелері, аса қауіпті инфекциялар жұқтыру учаскелері, химиялық радиоактивті аймақтар және тағы басқалар) платформа облыс аумағында болып жатқан ТЖ туралы ақпаратты жедел алу­ға, талдауды жүзеге асыруға және оларды жою бойынша шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Антикризистік карта аясында мем­лекеттік органдарға арнап жұмыс алгоритмі бекітілген. Атал­ған нұсқаулық облыстың барлық аудан, қала әкімдіктері мен 23 бас­қарма басшыларына және об­лыстық Полиция, Төтенше жағ­дай департаментіне таратылып бе­рілді. Карта мониторингі бо­йынша Ситуациялық орта­лыққа әкім­діктер, басқармалар мен апат­тық қызметтерден келіп түсе­тін ақпаратқа терең анализ жаса­лып, бұл талдау өз кезегінде тиісті күш­терді оқиға орнына жіберуге же­дел шешім қабылдауға, салалық қыз­меттерді құтқару жұ­мыс­тары­на тар­туға ықпал етеді. Картада көрсетілгендей төтен­ше жағдай болса қалса,  24/7 фор­матында жедел ақпараттық штаб құ­рылады. Ақпараттық штаб «Ал­тын сағат» ережесіне сай кез кел­ген оқиға болған сәттен 20 минут ішінде ресми ақпарат таратуы тиіс. Айта кетейік, облыс аума­ғында кез келген жағдайға дайын болу үшін 216 құтқару бекеті орна­ластырыл­ған. Биыл қарт Қаратауда және таудың етегінде орналасқан ай­мақ­тарда қар қалың жауды. Деген­мен ауа райының тез жылып ке­туіне байланысты жауған қар жер­ге сіңіп үлгеріп жатыр.  Айтса айт­қандай, бастапқыда «таудағы қар ерігенде күніміз не болады?» деп уайым шеккен ауыл тұрғын­дарының қаупі сейілгендей.

Тельман БЕЙСЕН