Әр қазақстандық шетелге қанша қарыз?
Әр қазақстандық шетелге қанша қарыз?
423
оқылды
Канал бұл есепті шығарғанда неге тек мемлекеттік қарызды емес, барлық жиынтық сыртқы қарызды есептегенін былай түсіндірген: "Себебі 2008 жылдағы қазақстандық мысал мынаны көрсетті: коммерциялық сектор (шетелдік кредиторларға қарызын төлей алмаған банктер) қарызын бәрібір мемлекет есебінен төлейді. Сонымен Қазақстанның сыртқы қарызын әр тұрғынға тең бөлу қаншалықты орынды? Әр қазақстандықтың 8433 доллар қарызы бар екені рас па? Aikyn.kz анықтап көрді. ҚР Ұлттық Банкінің мәліметінше, 2020 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша Қазақстанның сыртқы қарызы 160,9 млрд доллар болды. Оны жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) шаққанда 90,7%-ке тең. Ал 2019 жылдың қазанындағы сыртқы қарыз мөлшері 157,75 млрд долларға жетіп, ЖІӨ-ге шаққанда 87,1% болды. 2020 жылдағы сыртқы қарыздың 63%-і фирмааралық берешектер (101,3 млрд доллар) ; Үкіметтің қарызы – 13,2 млрд доллар (8,2%); квазимемлекеттік сектор қарызы – 20,1 млрд доллар (15%); банк секторларының қарызы – 5,2 млрд доллар; басқа секторлар қарызы – 20 млрд доллар. Фирмааралық қарыз – бір компания ішіндегі жекеменшік қатынастар және мемлекет бұл міндеттемелердің орындалуына ешқандай жауапкершілік алмайды. Мысалы, McDonald’s қазақстандық еншілес компаниясына жабдық жеткізеді, ал оның ақысын бір жылдан кейін алады – жыл бойы бұл сома "фирмааралық қарыз" болып көрсетіледі. Ұлттық банк төлем балансы департаментінің директоры Азат Өскенбаевтың айтуынша, елдің сыртқы қарызы 160,9 млрд доллар болғанымен, ол бюджеттің немесе халықтың қаражаты есебінен төленбейді, өйткені сыртқы борыштың шамамен 80%-і мемлекет те, ел азаматтары да жауап бермейтін жеке ұйымдардың міндеттемелеріне тиесілі екен. Жыл сайын Үкімет сыртқы қарыздағы мемлекеттің үлесі өте аз екенін және бұл әлемдік көрсеткіште өте жақсы нәтиже екенін айтып сендіреді. Дегенмен экономистің айтуынша, мемлекеттің көзге көрінбейтін қарыздары бар, оны ресми жарияламайды екен. Көзге көрінбейтін мемлекет қарызы – квазимемлекеттік компаниялардың шетелден алған несиелері. Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі, сарапшы Мақсат Сералының айтуынша, мемлекеттік компаниялардың берешегі ресми қағаздарда Үкіметтің қарызы болып есептелмейді.
"Ресми баяндамаларда мемлекеттік (ұлттық) компаниялардың қарызы көрсетілмейді. Алайда бұл компаниялар қарыз алғанда мемлекет кепіл болады, ал Үкімет оны ресми түрде мойындамай келеді. Мемлекет кепіл болғандықтан, соңында ол қаржыны бәрібір мемлекет қайтарады. Квазимемлекеттік сектордағы қарыз, мемлекет өзі алған қарызы бар, Ұлттық банк алғаны бар бәрін біріктіру керек. Олардың берешегі Ұлттық қордан төленеді. Екінші деңгейлі банктер мен басқа да компаниялар алған қарызды да қарау керек, оларда да мемлекеттің үлесі болуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік қарыздың ашық, айқын статистикасын көрсету керек", – дейді сарапшы.
Егер сарапшы айтқандай Үкімет пен квазисектор қарызын қосқанда мемлекеттің сыртқы берешегі 33,3 миллиардқа жуық доллар болады. Сарапшы сөзіне дәлел ретінде 2015 жылы шілдеде "Қазмұнайгаз" компаниясының 4 млрд доллар қарызын Ұлттық банк төлеп бергенін келтіруге болады. Оның өтемі ретінде Ұлттық банк мұнай компаниясының 10% акциясына ие болды. Экономистердің айтуынша, Ұлттық банк мұнай бағасы төмен кезде акция сатып алды. Ал ол Ұлттық қор қаражаты үшін нашар инвестициялық салым болған. Сенатор Сағындық Лұқпановтың мәліметінше, Қазақстан теміржолы компаниясының қарызы 2 трлн-ға жетті. ҚТЖ-ға 5 жылда мемлекет қазынасынан 171 млрд теңге берілген. Алайда теміржол компаниясының жағдайы жақсармаған. Енді компания карыздың кесірінен құнды қағаздарын да сатылымға қоя алмай отыр. Естеріңізде болса, 2015 жылы мемлекет Қазақстан темір жолы (ҚТЖ) компаниясының 350 млн доллар сыртқы қарызын төлеп берді. Бұл қаражат Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) несие ретінде алынды. Мақсат Сералының айтуынша, мемлекеттің сыртқы қарызы мәселесі Қоғамдық кеңесте талқылануы керек. Квазимемлекеттік компаниялар сырттан қандай қаражат алып жатыр, оны қайда жұмсамақшы, компанияның экономикалық жағдайы қандай, қарызын өзі өтеуге шамасы жете ме, бәрі Қоғамдық кеңесте халыққа ашық айтылуы керек немесе сырттан алынатын әр қарыз Ұлттық Экономика министрлігінде жоба ретінде қорғалуы керек. Қазақстан қай елдерге қарыз? Бірінші орында Нидерланд мемлекеті  – 44,8 млрд доллар, Ұлыбритания – 21,7 млрд доллар, АҚШ – 13 млрд доллар қарыз берген. Сонымен бірге Франция, Қытай елдеріне, Бермут аралдарына шамамен 10 млрд доллар қарыз бар. Мемлекеттің сыртқы қарызын өтеуге шамасы жете ме? Қарыз өтелмесе не болады? "Мемлекет сыртқы қарызды қайтара алмаса, кепілге қойылған мүлкінен айырылады. Мысалы, бір жылдары Тәжікстан Қытайға қарызын қайтара алмай, жер берген еді. Бірақ Қазақстанның жер байлығы, қазба байлықтары бар. Сондықтан елдің қарызын толық қайтаруға мүмкіндігі бар", – дейді сарапшы.