Түркістан облысында үш баланы көлігімен қағып, оқиға орнынан із суытқан күдікті іздестірілуде. Балалардың бірі ауруханада көз жұмды, – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
«14 ақпанда Жетісай аудандық полиция бөліміне түрлі дене жарақаттарымен кәмелет жасына толмаған 3 баланың жеткізілгені туралы ауруханадан хабарлама келіп түсті. Аталған жайт бойынша полицейлер бірден тексеру жұмыстарын жүргізді. Оқиға орнына жедел жеткен полицейлер сол күні кешкі сағат 17:50 шамасында Жетісай ауданындағы С.Ерубаев көшесі бойында белгісіз автокөлік оңтүстіктен солтүстік бағытына қарай жүріп бара жатып, 3 жасөспірім баланы соғып, жол-көлік оқиғасын жасағанын анықтады. Салдарынан үш бала да ауруханаға жеткізілді. Яғни 16 және 13 жас шамасындағы балалар түрлі дене жарақаттарымен ем қабылдауда. Ал 4 жастағы бүлдіршін ауыр дене жарақатынан жансақтау бөліміне түсіп, көз жұмды», – делінген хабарламада.
Аталған факті Жетісай аудандық полиция бөлімінде ҚР ҚК-нің 345-бабы (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) және ҚР ҚК-нің 347-бабы (Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
«Аудан полицейлері күдіктіні анықтауға қатысты жедел іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Оқиға орнын тиянақты тексерген тәртіп сақшылары белгісіз автокөліктің артқы жарық шамдарының сынықтары мен айна сынықтарын тапты. Олардың «Ауди-100» маркалы автокөлігіне тиесілі және көліктің түсі сұр-қара болуы ықтимал екенін болжауда. Сондықтан осы болжамға сәйкес Жетісай ауданындағы «Ауди-100» маркалы автокөліктер тыңғылықты тексерілуде», – деп хабарлады ведомство.
Аталған оқиға бойынша қандай да бір мәліметке ие азаматтар 102 нөміріне, не болмаса Жетісай АПБ-ның кезекші бөліміне: 87253467020, сенім телефонына: 6-70-07 хабарласа алады.