ШҚО-да «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасы талқыланды.
«Nur Otan» партиясының Шығыс Қазақстан облысы бойынша сайлауалды уәделерін іске асыру жөніндегі Жол картасының жобасына 182 іс-шара енгізіліп, 24 нысаналы индикатор айқындалды. Жол картасын талқылауға арналған облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» фракциясы депутаттарының отырысы өтті. «Nur Otan» партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Даниал Ахметов партияның 2021-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының жобасына өңір тұрғындарын толғандыратын негізгі мәселелердің шешімі енгізілгенін атап өтті. Жол картасы өткен жылдың 17 қарашасында облыстық филиалдың кезектен тыс ХХIV конференциясында қабылданған партияның сайлауалды бағдарламасы негізінде бес жылға әзірленді. «Жол картасында өңірді дамытудың 7 басым бағыты айқындалған», – деп атап өтті Даниал Ахметов. Өндірістерді іске қосу және кеңейту, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жобаларды іске асыру, шағын және орта бизнесті дамыту үшін 149 мың жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Облыс халқының 38 пайызы ауылдық жерлерде тұратынын ескере отырып, өнім өндіру және цифрландыру саласында қазіргі заманғы технологияларды енгізу есебінен ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту жөніндегі іс-шаралар айқындалды. Ауылдағы кәсіпкерлер басым қолдауға ие болады, кредиттеудің ашықтығын бақылау қамтамасыз етіледі. Жыл сайын 1,3 мыңнан астам кәсіпкерді қамту және кем дегенде 600 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарлануда. Өңір үшін перспективалы бағыттардың бірі – туризмді дамыту. Осы ретте Жол картасында туристік объектілерге инженерлік-коммуникациялық және көлік инфрақұрылымын дамыту секілді міндетті жұмыстарды атқару (оның ішінде әуе және теміржол маршруттары желісін кеңейту) көзделген. Жолдардың сапасы да өңір халқын толғандыратын өзекті мәселе. Осыған байланысты таяудағы 5 жыл ішінде 2,5 мың км автожол мен 12 көпірге орташа жөндеу жүргізіледі. Облыс бойынша тұрғын үй алу кезегінде 33,4 мың адам тұр, оның 2 285-і – көпбалалы отбасы. Бес жыл ішінде ауданы 923 мың шаршы метр болатын 405-тен астам тұрғын үй салынады, – деп атап өтті өз сөзінде партияның облыстық филиалының төрағасы Даниал Ахметов. Бұдан басқа Жол картасында Денсаулық сақтау нысандарын жөндеу және жабдықтау, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру, балабақшалар, мектептер, жатақханалар салу сияқты басқа да өзекті мәселелерді шешу қамтылған. 2025 жылға дейін бұқаралық спортты дамыту үшін жол картасы шеңберінде 11 денешынықтыру-сауықтыру кешені және 6 спорт модулі салынады. 2025 жылға қарай облыс тұрғындары 100 пайыз сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі. Жалпы, 2021-2025 жылдарға арналған Жол картасында өңірді дамытудың нақты жоспарлары белгіленген.Әбілмансұр ЖАСАН