Елде баспана тапшылығы мәселесі күрделене түскенін сарапшылар айтып, дабыл қағуда. Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, бұған негіз жоқ. Мысалы, 2021 жылы 17 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады. Бұл – ел тарихындағы рекордтың бірі.
Қаңтар айының өзінде 801 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,4%-ға көп. Қазір еліміз бойынша 6 810 баспана ел игілігіне берілді. Соның ішінде 2 541-і – жеке тұрғын үй. Ведомство бұл көрсеткіш Маңғыстау облысынан басқа 16 өңірде артқанын жеткізді. Сонымен бірге Қазақстанда тұрғын үй құрылысында жергілікті өнімдер үлесі артып келеді. Бұл бизнес үшін құрылыс материалдарының отандық нарығын дамытуға қосымша мүмкіндік береді. «Министрлік нарықтың осы саласында 24 негізгі позиция бойынша талдау жүргізді, бұған темірбетон бұйымдары, құрғақ қоспалар, линолеум, тұсқағаздар, санфаянс, қабырға блоктары, кірпіштер, жылу оқшаулау, профильді парақтар, пластикалық құбырлар және басқасы кірді. Отандық өндірушілер 10 позиция бойынша ішкі нарықтың қажетін толығымен өздері өтейтіні анықталды, бұлар – темірбетон бұйымдары, құрғақ қоспалар, қабырға блоктары, кірпіштер және басқасы», – деді ИИДМ. 11 өнім түрі бойынша еліміздегі кәсіпорындар сұраныстың шамамен 50%-ын қанағаттандырып отыр: оған жылу оқшаулау, профлисттер, пластикалық құбырлар және басқалары жатады. Ал 3 позиция – линолеум, тұсқағаз, санфаянс бүгінде ішкі нарықта өндірілмейді, толығымен шетелден тасылады. Әйткенмен, құрылыста жергілікті мазмұнның артуы баспана құнының арзандауына еш ықпал етпеді.Айхан ШӘРІП