Күні кеше жергілікті мәслихат депутаттарының қолына мандат алып, жұмысқа кіріскеніне бір ай болды. VІІ шақырылған Қызылорда қалалық мәслихатының депутаттары қазір белсенді жұмыс істеп жатыр.
Қалалық мәслихат депутаттығына «Nur Otan» партиясы атынан сайланған Анар Ізден мандат алған күннен бастап дамыл таппай келеді. Сайлауға дейін де үй аралап, халықтың мұң-мұқтажын тыңдаған ол депутат болып сайланған соң белсенділігін тіпті күшейте түсті. Бірде саяжайларда, бірде мұқтаж отбасылардың жанынан табылған Анар Ізденді сайлаушы іздемейді, ол сайлаушысын өзі іздеп, мәселесін шешуге ұмтылып жүр. Бір ғана мысал, мұқтаж отбасыға қыста көмір түсіріп беруі оның әрбір сайлаушының жағдайына бейжай қарай алмайтынын байқатады. Қалалық мәслихаттағы белсенді әрі тыным таппайтын депутаттың бірі – Ерлан Мұсаев. «Nur Otan» партиясы атынан сайланған депутат мәслихаттағы жастардың қатарында болса да қаладағы көп мәселенің шешімін табуына үлесін қосып жүр. Депутаттың айтуынша, бір ай ішінде қолға алған мәселелері аз емес. Мәселен, қаладағы Өсербаев, Әйтеке би көшесі бойындағы көпқабатты үйлерде жалдамалы пәтерлердің көбейіп кеткенінен тұрғындардың тынышы кеткенін мәселе етіп көтеріп қана қоймай, осы түйткілдің шешімін табамын дегенше басы-қасында жүрді. Құқық қорғау қызметкерлерімен бірге рейдке өзі де қатысып, бүгінде тынышы кеткен аумақта тәртіп орнағанын жеткізді. Сергек депутаттың отыз күн ішіндегі жұмысы бұл ғана емес. Денсаулығына қатысты шағым жасаған сайлаушысымен бірге денсаулық мекемелерінің есігін қағып, сайлаушылармен бірге қуанып, бірге мұңайып жүрген депутаттың бірі. Депутаттың тағы бір көтерген мәселесі – саяжай жайы да алдағы уақытта шешімін тауып қалады деген үмітте. Яғни, бюджеттен қаржы бөлінсе, саяжайға жол түседі деп өзі де сайлаушылармен бірге сол күнді асыға күтіп жүр. Депутат Айгүл Мұсабаева да отыз күнін босқа өткізбегенін айтады. Халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, бір ай ішінде 6 депутаттық сауал жолдаған. Қаладағы бос жатқан жер болса, сол жерге мүмкіндігінше спорттық алаң, балалар ойын алаңын көбейтуді ойлаған халық қалаулысының депутаттық сауалының басым бөлігі де осы мәселелер. Сондай-ақ білім саласының өкілі ретінде мектептер мен балабақшалардың жайын да назардан қалдырмай келеді. «Депутаттық сауалдарымның шешімін табуы алдағы уақыт еншісінде», – дейді ол. Қалалық мәслихат аппараты депутаттар жұмысын үйлесімді ету үшін депутаттарды 4 топқа бөлген. Яғни, халық қалаулылары өз тобындағы аумақтың мәселесін шешуге үлесін қосады. Бұл да депутаттардың қаланың ортақ мәселесін шешуге жұмыла кіріскенінің жарқын көрінісі.Әбілмансұр ЖАСАН