Тараз өңірлік университетінің жас ғалымы, докторант Дәулет Егембердиев өзі ойлап тапқан жаңалықты әлемдік деңгейде танытуды көздейді. Ол топырағы тозған егістік алқаптары мен соры шыққан жерлерді (тұзды) қалпына келтіретін тыңайтқыш ойлап тапқан.
Бұл тыңайтқыш ауыл шаруашылығы өнімін арттыруға да септігін тигізеді. Дәулет Егембердиевтің бұл жобасы NURINTECH инновациялық жобалар жарысынан, өзге де ғылыми байқаулардан үздік деп танылып, Финляндияда 1-орынды жеңіп алды. «Бүгінде ауыл шаруашылығында қолданылатын түрлі тыңайтқыш пен химиялық өсiмдiк қорғау препараты, мейлі ол минералды селитра, аммофос болсын дұрыс пайдаланбау экосистемаға кері әсер етеді, жерасты суының минерализациялануына өнімнің сапасына, ең бастысы адам денсаулығына зиянын тигізеді. Ал Biomeliorant Гумат Z 7 жане Z Lux табиғи таза болғандықтан, қоршаған ортаға, адам денсаулығына тек пайдасын тигiзедi. Жарамсыз жерді құнарландырады. Бұл – ауыл шаруашылығы үшін өте маңызды», – дейді ғалым.
Оны сұйық және құрғақ күйінде қолдануға болады. Ауыл шаруашылығына тың серпіліс әкелетін бұл жаңалықты Талас және Сарыағаш аудандарында тұзды жерлерде сынап көрген. Сондай-ақ Ресей шаруалары кең көлемде қолданған. Нәтижесі мамандарды таңғалдырып отыр. Өніммен қоса, жердің құнары да артқан. Ғалымның ойлап тапқан тыңайтқышы осы күнге дейін Польша мен Ресейге жөнелтіліп, оң бағасын алды.