Қар көшкіні қатер төндіріп тұр
Қар көшкіні қатер төндіріп тұр
281
оқылды

Елімізде табиғи апаттардың ішінде адам өміріне қауіп төндіру, қайталану жиілігі және қиратқыштық күшіне қарай қар көшкіні екінші орында тұр. Бұл қатерлі құбылыс таулы жерлерде жыл он екі ай болады. Ал ең бір жиілейтін маусымы – желтоқсан мен сәуір айларының арасы. Сондықтан да қазір қар көшкіні қаупінің шарықтау кезеңі деуге болады. Жыл басынан бері тауда екі адам қаза тауыпты. Олардың екеуі де ел азаматтары екен. Бірі Іле Алатауын­да адасып кеткен болса, екіншісі Шығыс Қазақстан облысында қар көш­кінінің астында қалған. Төтенше жағдайлар министрлігі тауға құмар қа­зақ­стандықтар мен елімізге келген қонақтарды абай болуға шақырады.

 Тау – экстремалды орта

Апат пен ажал айтып келмейді демекші, елімізде жыл басынан бері болған екі қай­ғылы оқиғаның екеуі де ақпан айында тір­келген. Бұл таудағы ахуал дәл қазір қауіпті екенін білдіреді. Ендеше, сақ­танбаса болмайды. Сонымен Шығыс Қазақ­стан облысы Риддер қаласы маңын­дағы «Сержин тиіндері» шатқалындағы оқиға 10 ақпан күні болған. Алты адам биік беткейде шаңғы теуіп жүргенде қар көш­кен. Дәл сол тұста біреуін қар басып қа­лыпты. Қалған бесеуі дін аман. Қар ас­тында қалған туристің мүрдесі арада бір тәулік өткенде, таң ата табылды. «Негізі, қар көшкінін тудырған турис­тердің өздері. Олар қармен жүретін көлік­пен сол жерде шектен тыс діріл тудырған. Оның соңы табиғи апатқа және кісі өліміне алып келді. Іздеу-құтқару жұмысына об­лыс­тық Төтенше жағдайлар департаменті­нің құтқару отряды толық жұмылдырылып, «Еврокоптер-145» тікұшағы әуеден шолу жасады. Ал жерден іздеу жұмыстарына кинолог мамандар тартылды. Таулы аймақ болғандықтан, тек ауыр техникамен ғана жүруге тура келді. Іздеу-құтқару операция­сына Риддер қаласынан төрт волонтер қа­тысты. Ауа райының қолайсыздығынан іздеу ұзаққа созылды. Дегенмен таңертең көшкін астында қалған 1979 жылы туған туристің мүрдесі табылды. Таудың ұшар басынан мүрдені алып түсу оңай болған жоқ. Сондықтан ол жерге 8 волонтер мен 2 құтқарушы және 1 криминалист-полиция барды. Қазір осы іс бойынша тергеу басталды. Қайтыс болған азаматтың жеке ба­сына қатысты мағлұматтар да анықталу­да»,  – дейді ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ басшысының орынбасары Мұрат Қасенов. Ал Алматыдағы оқиға осыдан бір күн кейін болыпты. Бір тәулік бойы жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстарына ауа райының қолайсыздығына байланысты тікұшақ қолдану мүмкін болмағандықтан, дрон пайдаланылған. Осылайша, келесі күні 12 ақпанда сағат 14.30-да «Шымбұлақ» шатқалынан 1981 жылы туған ер адамның жансыз денесі табылды. Болжам бойынша, ол биіктен құлап кеткен. Табылғанынан тура бір тәулік бұрын ол 112 нөміріне адасып кеткенін айтып, өзі хабарласқан көрінеді. Ал құтқару операциясына бар­лығы 70 құтқарушы, 12  техника жұмыл­дырылған.

Оңтүстік пен шығыс – қауіпті аймақ

Еліміздің қар көшкіні қатты жерлері – Шығыс Қазақстандағы Алтай тауы мен Алматы және Түркістан облыстарында орналасқан Алатаудың Қаратау, Іле, Жетісу және Талас сілемдері. Цифрмен айтқанда, осы аймақтарда жалпы аумағы 6 миллион шаршы метр болатын, қар көшкіні анағұрлым қатерлі 608 телім бар екен. Олар 200-ден астам түрлі нысандар мен мем­лекетаралық, республикалық, облыс­тық және жергілікті маңыздағы 150 километрге жуық автомобиль жолдарына тікелей қауіп төндіріп тұр. Бұл апатты аймақтарда, демалыс базаларын қоса алғанда, бүгінде 5 000-нан астам адам тұрып жатыр. «Бір Алматы қаласының өзінде Кіші жә­не Үлкен Алматы өзендерінің бас­­­­сейндерінде осындай 165 телім бар. Жиі қар көшетіндіктен «Медеу–Шым­бұлақ» авто­жолы мен «Шымбұлақ» тау шаң­ғысы кешені қаупі тым жоғары ай­мақтарға жатады. Мұнда бірнеше рет адам өлімі де болды. Алматы облысы бойынша айтар бол­сам, Қотырбұлақ, Есік және Түрген өзендерінің тау еңістеріндегі сағалары қауіптірек. Мәселен, Түрген өзенінің бассейнінде еліміз үшін рекорд саналатын 10 миллион текше метр қар көшкен кездер болған. Жетісу сілемінде  Көксу, Текелі өзен­дері өтетін Солтүстік, Солтүстік-Батыстағы тау аңғарын атап өтуге болады. Ал жалпы, Алматы облысында 1 203 тұр­ғыны бар 53 нысанға (демалыс базаларын қоса алғанда) қауіп төндіріп тұрған 96 қар көшкіні ошағы анықталған. [caption id="attachment_111813" align="alignnone" width="1160"]қар көшкіні © коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов[/caption] Шығыс Қазақстан облысында 336 қары қатерлі телім бар. Көшкін жолында 71 түрлі нысан орналасқан, 1 000-ға жуық тұрғын тұрып жатыр. Соның ішінде Зубовск, Қазақстан, Серебрянск, Өскемен, Риддер және тағы да басқа елді мекендерге және жалпы ұзындығы 100 км жолға қауіп төніп тұр. Ал Түркістан облысында – 10, Жамбыл облысында 1 қар көшкінінің ошағы бар», – дейді ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ Төтенше жағдайларды алдын алу бөлімінің басшысы Бауыржан Әбішев. Қар көшкінінің алдын алу шара­лары­ның бірі – жиналған қарды жарып, қауіпсіз жерге сырғытып жіберу. Яғни, қолдан қар көшкінін жасау. Маусым басталған жел­тоқсан айынан бері осындай 46 рет про­филактикалық шара жүзеге асырылып, 37 186 текше метр қар ылдиға түсірілген екен. Оның 14-і Алматы облысында, 32-сі ШҚО-да жасалған. Құтқарушылар өткен аптада күн жылынып кетуіне байланысты және қалың қар жауғандықтан, Алматы қаласы мен облыс бойынша қар көшкінінің қаупі артып отырғанын айтады. «Жалпы, 11-14 ақпан аралығында республика бойынша 31 қар көшкіні оқиғасы тіркелді. Өз бетінше табиғи жолмен көшкен қардың көлемі 70 мың текше метр деп бағаланып отыр. Одан бөлек, біздің балансымызда 3 қар көшкіні­нен қорғау кешені бар. Олардың екеуін (1 459 қар тоқтатқыш қалқан) ШҚО Алтай ауданы Зубовка тауына және Қатонқарағай ауданы Собачья тауына орнатып қойдық. Үшіншісі (444 қар тоқтатқыш қалқан) Алматы облысында Мохнатая тауында тұр», – дейді ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ басшысының орынбасары Мұрат Қасенов. Төтеншеліктер бүгінге дейін қатерлі аймақтардағы нысандар мен тұрғын үйлердің иелеріне 773 хабарлама-ұсыным беріп, қауіп ошақтарының маңына 100-ден астам ескерту және ақпараттандыру стендтерін орнатқан.

Қауіпсіздік бюллетені жарық көрді

Еліміз туристерді сұлу табиғатымен қызықтыратыны белгілі. Бірақ аппақ шың­дардың ажарын тамашалауға келгендердің ақ қар мен аяздан ажал құшқандары абыр­ой емес-ау. Сондықтан да арнайы салалық қызмет өкілдерінің тауға шыққандардың қауіпсіздігін бірінші кезекте ойлайды. Соның нәтижесі болар, былтырғы қысқы маусымда қар көшкінінен қаза тапқандар дерегі тіркелмепті. Ал жалпы, еліміздің таулы табиғатына шетелдік туристер де қатты қызығатынын ескерсек, бұл үлкен абырой болса керек. Осы орайда, БҒМ «Георгафия және су қауіпсіздігі институты» таяуда алғаш рет тәжірибе ретінде қар көшкіні туралы бюллетень шығарды. Бюллетеньде Іле Алатауында адамдар көп баратын шатқалдардағы қар көшу қаупі бар жерлер туралы ақпарат жазылған. Одан да өзге маңызды мәліметтер Төтенше жағдай­лар министрлігінің, «Қазгидромет» пен «Қазақстан альпинизм федерациясының» сайтында да жарияланып тұрады. Алматы­лық ғалымдар бұл жобаны жасау кезінде швейцариялық әріптестерінің тәжірибесін басшылыққа алыпты. «Бұрын Қазақстанда мұндай болған емес. Бірақ Америка, Еуропа елдері қолданады. Бюллетеньде Іле Алатауындағы қардың қалыңдығы мен қар көшкіні жүру қаупі жоғары телімдер көрсетіледі. Негізі­нен, кіші және үлкен Алматы өзенінің аңғарындағы ақпарат көп біреліді. Өйткені осы жерлерге адамдар көп барады. Көшкін қаупі 5 балдық жүйе бойынша бағаланады. Оны болжау үшін ақпараттық техно­логия­лар қолданылады», – дейді БҒМ «Гео­ргафия және су қауіпсіздігі институтының» аға ғылыми қызметкері Виктор Благо­вещен­ский. Жалпы, қар көшкініне көп ретте адами фактор себеп болып жатады екен. туристер өздері шектен тыс діріл тудырып, оның соңы табиғи апатқа алып келеді. География институтының 1951-2014 жылдар ара­лығын­да жүргізген санағы бойынша, соң­ғы елу жылда адамдарға қауіп төндірген қар көшкіні 76 рет болып, 173 адам зардап шек­кен. Олардың 87-сі қаза болған екен. Институт мамандары қаза болғандардың көпшілігі, яки 73 пайызы альпинистер, туристер және тау шаңғышылары екенін айтады. Ал қалған 27 пайызы жергілікті тұрғындар (16%) мен жұмысы тау база­ларын­дағы нысандармен байланысты адамдар (10%) көрінеді. Төтенше жағдайлар министрлігі тау экстремалды орта екенін ұдайы естен шығармай, жыл он екі ай тауда абай болу қажет екенін ескертеді. «Тауға жалғыз шығу сіздің өміріңіз үшін қауіпті. Белгіленген жерге шықпас бұрын бағытыңызды мұқият жоспарлаңыз. Тау­дағы ауа райы болжамымен танысуды ұмыт­паңыз. Дауылды ескертулерге құлақ асыңыз. Жол қысқарту үшін білмейтін соқпақтармен жүрмеңіз. Жақындарыңызға баратын бағытыңыз туралы хабарлаңыз және оны өзгертпеңіз. Өзіңізбен бірге бай­ланыс құралдарын алған жөн. Қажет бол­ған жағдайда жақындарыңызға орналасқан жеріңіздің геолокациясын жіберіңіз. Төтенше жағдайға тап болсаңыз, өзіңіздің орналасқан жеріңіздің геолокациясын жіберген жерде болуға тырысыңыз. Тө­тенше жағдай туындаған сәтте 112 нөміріне қоңырау шалыңыз», – дейді ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ