Жамбыл облысының Меркі ауданында жұмбақ жағдайда көз жұмған 19 жастағы Мадина Рашидқызының мәйіті қайта қазып алынды.
«Барни» ісі : 19 жастағы Мадинаның мәйітін қайта қазып алды
344
оқылды

Марқұмның туыстары алғашқы сот-медициналық сараптаманың қорытындысымен келіспей, қайта тексеру жүргізуді талап еткен, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл туралы марқұмның жақындарының мүддесін қорғап жүрген заңгер Инга Иманбай мәлімдеді. Оның айтуынша, эксгумация Алматы маңында жүргізілген. Оған полиция қызметкерлері мен тиісті мамандар қатысқан.

– Жаңадан тағайындалған сараптама – қайталама комиссиялық сот-медициналық сараптама. Біз оны Алматыда жүргізуді сұрадық. Сондықтан бүгін жәбірленуші тараптың өтініші бойынша эксгумация жасалды. Өйткені алғашқы сот-медициналық сараптаманың нәтижесіне сенбейміз, – деді Инга Иманбай.

Жамбыл облыстық полиция департаменті Мадинаның өліміне қатысты Қылмыстық кодекстің 105-бабы, яғни өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу дерегі бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатқанын растады. Марқұмның күйеуі іс бойынша қорғалуға құқығы бар куә мәртебесінде.

Еске сала кеткен жөн, 19 жастағы Мадина Рашидқызы биыл тамыз айында Меркі ауданында көз жұмған. Алдын ала мәлімет бойынша, ол өзіне қол жұмсаған. Бірақ туыстары бұл нұсқаға сенбейді.

Бұған дейін марқұмның құрбысы Мадинаның күйеуімен жиі жанжалдасқанын, оның қол көтергеніне шағымданғанын айтқан. Әлеуметтік желіде тараған мәліметтерге сәйкес, соңғы жанжалдардың бірі «Барни» тәттісіне байланысты болған. Жас келіншек күйеуінен кетіп, ажырасуды жоспарлағаны да хабарланған.

Дегенмен бұл мәліметтердің барлығы тергеу барысында тексерілуге тиіс. Мадинаның нақты қандай жағдайда көз жұмғаны әзірге анықталған жоқ. Марқұмның артында сегіз айлық сәбиі қалған. Жақындары оның өлімінің барлық мән-жайы анықталып, кінәлі адамдар болса, заң алдында жауап беруін талап етіп отыр.