Елімізде ана мен бала өлімінің көрсеткіші 7,2%-ға төмендеген. Жақсы көрсеткіш. Бірақ перзентханадағы тосын жайттар мен жүкті ананы шарасыз күйге түсіретін оқиғалардан жан түршігеді. Ел ішінде перзентханалардағы салғырт-салақтық жайлы жиі айтылады. Қоғамда «Перзентханаға ақшасыз кірсең, жағдайың қиын» дейтін пікір де бар.
Сан мен дәйек
Ана мен бала өліміне қатысты кейінгі 3 жылдағы статистиканы салыстырып көрелік. Мәселен, 2019 жылы 8 айдың ішінде 36 әйел қайтыс болған. 2020 жылы қаңтар-тамыз айында 131 әйел жан тапсырған. Көрер көзге айырмашылық бірден білінеді. Ал Президент мәлімдемесінде бұл көрсеткіш Ақтөбе облысында 13 есе, Қызылорда облысында 9 есе, Шымкент қаласында 7 есе артқанын айтты. Мәлім болғандай, былтыр Шымкенттегі қоғамдық кеңесте ана мен бала өлімі 5 есейге көбейгені туралы мәселе көтерілді. Тарқатып айтсақ, Шымкенттегі перенаталды орталық жүктілігі ауыр түрде өтетін әйелдерді қабылдауға қауқарсыз екен. Алайда жаңа орталық салуға бюджеттен ақша бөлу мұң болып тұр. Байқасақ, біраз облыста заманауи құрал-жабдығы бар перинаталды орталық жайы күрделі мәселеге айналған. Десе де, Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиниятқызының мәлімдеуінше, ана мен бала өлімі өткен жылдармен салыстырғанда төмендеген. Вице-министр келтірген деректерге мән берсек, 2019 жылы 1 000 тірі туған нәрестеге шаққанда көрсеткіш шетінеу көрсеткіші 8,40 болса, биыл 7,779. Ал 2020 жылғы нәрестелердің өлім-жітім индикаторының нысаналы мәні Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 10,1-ді құрайды. «Аталған көрсеткіштерге әсер етудің маңызды аспектілерінің бірі – аналардың денсаулығын жақсарту, перинаталды және неонаталды көмекті жетілдіру, патронаждық қызметтің әмбебап-прогрессивті моделін, баланы емшек сүтімен емізуді қолдау» деген еді вице-министр. Ажар Ғиниятқызы біліктілік пен кәсібилікке келгенде балалар мамандарының тапшы екенін де жасырмады. Мысалы, «Педиатрия (неонатология), балалар реаниматологиясы, анестезиология» және «балалар пульмонологиясы» мамандықтары бойынша кадрмен қамтуды 100%-ға жеткізу жолға қойылған.Перзентхана есігінен ары қарай басқа әлем
Әйелдер перзентхана есігінен ары қарай дүниенің өзгеріп кететінін жиі айтады. Әңгімелерін тыңдағанда тосқырқап қалатынымыз бар. Мысалы, былтыр БАҚ-та Алина Бақытжанова мен Малика Магиланова есімді әйелдердің өлімі туралы ақпарат тарады. Өз кезегінде Ирина Советжанқызы мәселені зерттеп көрген. Баяндасақ, Алина Бақытжанова Акушерия, гинекология және перинаталогия ғылыми орталығына 2020 жылы 10 мамырда толғақпен түскен. Сәбиін 12 мамыр күні кешке босанған. Алайда босанғаннан кейін 3 күн өткен соң 4 келі 780 граммен дүниеге келген сәбиі, 4 күннен соң өзі қайтыс болған. Туыстары Алинаға кесір тілігі отасын жасағанда ана мен баланы аман алып қалуға боларын айтқан. Ал Малика Магиланова қазан айының 14-і күні қайтыс болды. Ол 23 тамыз күні перзентхана түсіп, 29 тамызда дәрігерлердің рұқсатымен үйіне шығады. Көп өтпей ота жасалған тігісіне су жиналып, перзентханаға, кейіннен комаға түседі. Басында жағдайды елемеген дәрігерлер соңына таяғанда ауруханаға молда кіргізуге рұқсат берген деседі. Туыстары БАҚ-қа берген сұхбатында дәрігерлерді кінәлап, олардың іс насырға шапқанда басқаша қимылдағанын айтқан. Бастапқыда карантин деп ешкімді кіргізбеген дәрігерлер артынша марқұмның туыстарына жансақтау бөлімінің есігін «ашып» қойған. Сондай-ақ жақындары аталған оқиғалардың қылмыстық іс бойынша қаралатынын да мәлімдеген-ді. Ал Алматы облысы Қарасай аудандық перзентханасында босанған Салтанат Шайғожанованың оқиғасы қоғамда резонанс тудырғаны рас. Босандыру процесіне бейжай қарағандар оған «күнді көріп тұрғаныңа рақмет айт» деген екен. Осылайша, жас акушерлердің біліксіздігінен ана баласынан айырылып қалды. Ал дәрігерлер мұны баланың кіндігі мойнына оралып қалғанымен түсіндірген. Осыдан кейін әйелдер басынан өткен оқиғамен бөлісіп, қоғамның өзгергенін қалайтынын жарыса жазды. Аналардың жан сырынан аз-кем бөліссек. Мәселен, Ажар Әбілқасова үшінші баласын патология бөлімінің дәлізінде босанғанын жазады. Оның сөзінше, Атырауда ана мен бала жағдайына мән беріп, қарамайды. Ал Қаламқас Қайдарова болса, қыстыгүні түнгі сағат 2.30-да босанғанын, қызының кіндігін кескен дәрігер ұйқысұрап жүргенін айтады. Дәрігер баланы әйелдің үстіне жатқыза сала ұйқыға кеткен. Қаламқас таңға дейін қызы мен өзінің тоңып қалғанын, терезе ашық қалғанын ашына жеткізді. Қыркүйек айында Талғарда босанған Әсел Төлеп те «20 минуттан соң келіп босандырамын деп кеткен дәрігердің бір сағаттан кейін келгенін» баяндап берді. Дәрігер келгенше іштегі бала құрғап, санитар мен акушер әйелдің ішін басып босандыруға мәжбүр болған. Салдарынан баланың басы қысылып қалған. Кейіннен невропатолог баланың дамуында кінәрат туғанын айтқан. «Дәрігерлер миссиясын толық білмейді. Арасында Youtube қарап отыратындар бар. Талғардағы аурухана таза емес, жаңа туған бала жататын кювездің өзі ескі, дөңгелегі де жоқ»,– деді ол. «Маусым айы, карантиннің қатаң кезі, оның үстіне жүкті әйелімнің коронавирусқа тапсырған тесті оң нәтиже көрсеткен. Содан 20 маусым күні кешкі сағат 21.00 шамасында толғақ қысып, 23.00-ге таман жедел жәрдем шақырдық. Тараз қаласында вирус жұқтырған әйелдерге арналған перзентхана бар-ды. Бірден соған бардық. Бірақ орын жоқ деп қабылдамады. Ары қарай жаңадан ашылған 12 шағынаудандағы перзентханаға тарттық. Ол жақта да қабылдамаймыз деді. Артынша шу шығарып, полиция шақырдық. Әйтеуір бас инфекционист Қарлығаш Сәтбекқызының арқасында әйелім босанды. Алайда осынша уақыт бойы дәрігерлер немқұрайды қарағандықтан, жұбайым ауыр босанды. Түнгі сағат 3.00-ге дейін әуре-сарсаңға салғандықтан, әйелімде ішкі жыртылулар болды. Таңғалғаным, өмір ақша мен таныспен өлшенетін болған. Ақ халатты абзал жандарда да адамгершілік қалмағаны ма?», – деп күйінішін білдірді Елдос Болатов. Мұндай оқиғалар өте көп. Біз біршамасына ғана тоқталдық. Құндыз Бегалиева әлеуметтік желіде Сарыағаштағы дәрігерлердің өзіне «жағдайың болмаса, тума» деп айтқанын жазғаны бар. Ол болса, жалақы алатын дәрігерлердің әр босанған әйелден ақша дәмететініне қынжылады. Осыған ұқсас жағдайлар сіз бен біздің басымыздан өткен. Иә, фактілерді босқа тізгеніміз жоқ. Мемлекет басшысының «ана мен баланы қорғау – ел алдындағы міндетіміз» дегені бар. Әкімдерді, жауаптылары бұл міндеттен ешкім босатпағанын да айтқан. Демек, биліктің халық үніне құлақ түретіні рас болса, ана мен баланың перзентхана есігінен ары қарайғы өмірін жіті қадағаласа екен.