Былтырмен салыстырғанда емдеу мекемесіндегі қызмет құны 6,3 пайызға өскен. Амбулаториялық қызмет бағасы былтыр желтоқсаннан бастап қымбаттай бастаған, – деп хабарлайды AstanaTV.
Energyprom.kz-тің мәліметінше, бір жылда амбулаториядағы дәрігерлердің қызмет ақысы 4,9%-ға, дәрігерден кеңес алу құны – 7,3%, екінші қайтара қабылдауға жазылу 4,9%-ға өскен. Стоматологиялық қызметтер 7,4%-ға қымбаттаған. Медициналық зертханалық қызметтердің де бағасы – 3,2%-ға артып отыр.
Өңірлерде дәрігерден кеңес алудың орташа бағасы үш жарым мың теңгеге дейін өскен. Ең қымбат қызмет бағасы Атырауда, ең арзаны Түркістан облысында екен.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қазіргі таңда зертханалық диагностика қызметке жүгінетіндердің көптігін мәлімдеді.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл жан басына шаққандағы кешенді тариф бойынша тарифтің өсуі – 15,5%. Амбулаториялық-емханалық деңгейдегі консультациялық-диагностикалық көмектің құны орта есеппен 15%-ға өсті. Емханалар арқылы көрсетілген барлық консультациялық-диагностикалық қызметтің негізгі бөлігі медициналық сақтандыру есебінен төленген.